Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында қабылданған «Бизнеске жол» жобасы аясында атқарылып жатқан жұмыстар туралы ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаменті Превенция басқармасының басшысы Даурен Омаров өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте баяндады.
— Біз «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп бизнеспен күнделікті кездесулер өткіземіз және олардың қалыпты жұмыс істеуіне ненің және кімнің кедергі келтіретінін анықтаймыз. Жобаны іске асыру басталғаннан бері 23 кездесу барысында 185 кәсіпкермен кездестік. Олардан 23 өтініш келіп түсті, қазіргі уақытта олардың 17-і қанағаттандырылды. Қабылданған шаралармен сыбайлас жемқорлық факторлары жойылып, 279 кәсіпкердің құқықтары қалпына келтірілді, — Даурен Омаров.
Мәселен, мониторинг барысында Байзақ ауданында ауыз су тарифтері жоғары көтерілгені, яғни 1 текше метр су үшін тарифтің орташа құны 140,9 теңгені құрайтыны анықталды. Ал «Байзақ су» КМК ауыз сумен қамтамасыз ету бойынша жыл сайын жалпы сомасы 81883,0 теңге құрайтын субсидия алады (2021 ж. — 39011,0 және 2022 ж. 42872,0 теңге).Субсидия алғанына қарамастан «Байзақ су» КМК суды пайдаланану үшін жоғарылатылған тариф белгілеген. Қазіргі уақытта департаменттің жолданған хаты негізінде аталған монополист тарифты заңды тұлғалар үшін 5 теңгеге, жеке тұлғалар үшін 3,09 теңгеге төмендетті.
Бұдан бөлек, «Сот кабинеті» АЖ-де сот актілеріне мониторинг жүргізу барысында мемлекеттік салық органдары тарапынан кәсіпкерлік қызметке заңсыз араласу фактісі анықталды. Мәселен, құжаттық салықтық тексеру актілерін шығарып, оның нәтижелері туралы кәсіпкерді кейіннен хабардар ете отырған. Алайда сот шешімімен аталған іс-әрекет заңсыз болып танылған.
Нәтижесінде кінәлі лауазымды тұлға Қазақстан Республикасының ӘҚБтК 173 бабына сәйкес (лауазымды адамдардың кәсіпкерлік қызметке заңсыз араласуы) әкімшілік жауапкершілікке тартылды.