Мемлекеттің басты байлығы – адам. Сондықтан халықтың денсаулығын сақтау, ана мен бала өмірін қорғау және медициналық көмектің қолжетімділігін қамтамасыз ету – маңызды міндеттердің бірі. Неонатолог дәрігер ретінде әрбір сәбидің өмірі мен денсаулығының қаншалықты қымбат екенін күнделікті жұмысымнан жақсы білемін.
Ана мен бала денсаулығы – қоғамның әлеуметтік жағдайын көрсететін маңызды бағыт. Әсіресе ауылдық жерлерде медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігіне, мамандардың кәсіби деңгейіне және медициналық мекемелердің мүмкіндігіне тұрақты көңіл бөлу қажет. Денсаулық сақтау саласындағы кез келген оң өзгеріс халықтың өмір сапасына тікелей әсер етеді.
Қоғамдық кеңес мүшесі ретінде әлеуметтік маңызы бар мәселелердің халықтың күнделікті өмірімен тығыз байланысты екенін түсінемін. Денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау, отбасы мен бала мәселелері – барлығы өзара сабақтас. Мемлекеттік шешімдерде ең алдымен адамның мүддесі ескерілуі қажет.
Осы тұрғыдан алғанда, 23 тамызда өтетін Құрылтай депутаттарын сайлаудың да мен үшін маңызы зор. Елдің болашағына қатысты шешімдер қабылданатын кезде халықтың әл-ауқаты, денсаулығы, әлеуметтік жағдайы сияқты мәселелер назардан тыс қалмауы тиіс. Әр азамат өз таңдауын саналы түрде жасап, ел дамуына қатысты мәселелерге жауапкершілікпен қарағаны жөн.
Адам амандығы – кез келген игіліктің бастауы. Дені сау ұрпақ – елдің ең үлкен байлығы. Сондықтан ана мен балаға қамқорлық жасау, халықтың денсаулығын сақтау және медициналық көмектің сапасын арттыру – баршамызға ортақ міндет.
Раушан Жұманқұлова,
Т.Рысқұлов аудандық ауруханасының неонатолог дәрігері,
Қоғамдық кеңес мүшесі