Аудан әкімі таластық тұрғындарды мерекемен құттықтады

0 14

Аудан әкімі Нұрбол Жүнісбеков Талас тұрғындарын еліміздің елеулі мерекесі Республика күнімен құттықтады.

— Сіздерді 25 қазан — Республика күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Бұл — ел үшін айрықша маңызға ие тарихи күн. Осыдан отыз үш жыл бұрын 25 қазанда Қазақстанның тәуелсіздігі туралы декларация қабылданды. Бұл егемендік алу жолындағы ең алғашқы құжат. Осы тарихи сәттен бастап Қазақстан дербес, терезесі тең тәуелсіз мемлекет ретінде әлемге таныла бастады. Декларацияның қабылдануымен бірге Қазақстанның жеке территориясы, азаматтығы, мемлекеттік бюджеті, халықаралық қатынастағы статусы, мемлекеттік рәміздері бекітілді. Жалпы айтқанда қазіргі Қазақстан Республикасының іргесі қаланды. Ел тарихында ерекше маңызға ие, мемлекет дамуына елеулі із қалдырған бұл күн екінші жыл қатарынан Ұлттық мереке ретінде аталып өтілетін болды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылы 16 маусымда Ұлытауда өткен Ұлттық құрылтайда: — Мен Республика күніне ұлттық мереке мәртебесін қайтаруды ұсынамын. Сондықтан, қазанның жиырма бесі күні жыл сайын Егемендік күнін еліміздің басты мерекесі ретінде атап өтуіміз керек, — деген болатын. 2022 жылдың қыркүйек айында Қазақстан Республикасының Парламенті «Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы» Заңға түзетулер енгізді. Осылайша 25 қазан — Республика күні — ұлттық мереке, ал 16 желтоқсан — Тәуелсіздік күні мемлекеттік мереке ретінде аталатын болды. Ия, тәуелсіздігімізден асқан құндылық жоқ. Отыз жыл бедерінде бағындырған белестеріміз бен жеткен жетістіктеріміз болса ол — тәуелсіздіктің жемісі. Мақсатымыз — бекем, тірлігі табысты, татулығы үлгі елдер қатарынан табылу. Бұл жолда талай күш жұмсалды, алда атқарылатын міндеттер де аз емес. Ел бірлігін сақтаған бабаларымыздың асыл мұраты болған тәуелсіздікті сақтау басты — мұратымыз. Құрметті таластықтар! Сіздерді Республика күні мерекесімен құттықтай отырып, әр отбасына татулық пен ырыс — береке, Отанымыздың игілігі мен жарқын болашағы жолындағы еңбектеріңізге толайым табыстар тілеймін! Тәуелсіздігіміздің тұғыры биік болғай!,-делінген хабарламада.

Leave A Reply

Your email address will not be published.