Тамды ауылында спорт алаңшасы ашылды

0 7

Тамды ауылы Қойгелді орта мектебінің ауласынан спорт алаңшасы ашылды. Заманауи үлгіде бой көтерген нысанда балалар бұдан былай кіші футбол, волейбол, баскетбол ойындарымен шұғылданып, бос уақыттарын тиімді өткізуге мүмкіндік алып отыр.

Жалпы спорт алаңшасын соғуға «Asia Chem» ЖШС, «ЕрКоса и К» ЖШС және мектеп түлектері демеушілік көмектерін танытты.
Спорт нысанының ашылу салтанатына аудан әкімінің орынба¬сары Айтолқын Әбдібекова, «Asia Chem» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі төрағасының орынбасары Жасұлан Есжанов, «ЕрКоса и К» ЖШС-нің төрағасы Ержан Нұрбаев, ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қанат Құралбаев сөз алып, игі іске қолдау танытқан жандарға ризашылығын білдірді. Өз кезегінде Айтолқын Серікқызы спорт алаңшасына жөндеу жүргізіп, аймақ спортының дамуына үлес қосқан азаматтарға аудан әкімінің Алғыс хаттарын табыс етті.
ІІІ дәрежелі «Айбын» орденінің иегері Еркебұлан Бишаев осы білім ошағының түлегі. Еркебұлан өмірінің соңғы уақытын өзі білім алған мектеп қабырғасында өткізді. Ұстаздық етті, шәкірт тәрбиеледі. Игі бастаманың жүзеге асуына көмек қолын созған азаматтармен қатар, марқұмның бірге оқып, қатар жүрген құрдастары жаңа нысанды Еркебұлан Бишаевтың атына беруді ұйғарыпты.
Салтанатты рәсім барысында марқұмның туған-туыстары бұл шешімге алғысын айтты.
Бұл күні Еркебұлан Бишаевты еске алуға арналған шағын футболдан 3-4 сынып оқушылары арасында турнир өтті. Оған қаладағы А.Байтұрсынұлы атындағы гимназиядан, Д.Қонаев атындағы орта мектебінен және Қойгелді орта мектебінен бес команда қатысып, жүлделі орындарды сарапқа салды. Үздік деп танылған құрамаларға диплом, кубок және арнайы сыйлықтар табыс етілді. Сонымен қатар, ардагер спортшы Бауыржан Бекұзақов бастаған ұйым¬дас¬тырушылар тарапынан марқұмның рухына Құран бағышта¬лып, келушілерге дәм берілді.
-Бұл ауыл тұрғындары үшін үлкен жаңалық. Мектептің түлектері өздерінің тартуларымен үлгі болып келеді. Ауыл ішінде талай ізгі бастама осы жомарт жандардың демеушілігімен іске асты.  Қойгелді орта мектебінің ауласынан спорт алаңшасын соғу тұрғындардың көптен тілегі еді. Бұл шаруа да жүзеге асты. Алаң талай спортшының аудан намысын абыроймен қорғауға, шеберлігін шыңдауға сеп болмақ,-дейді ауылдық округ әкімі Рауан Асқаров.

 

Leave A Reply

Your email address will not be published.