2027 жылға дейін Қаратау қаласының 51 көшесі жөнделіп, жылу құбырлары ауыстырылады.
Талас ауданының орталығы Қаратау қаласында 2023-2027 жылдар аралығында қаладағы тозығы жеткен 51 көшеге орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған. Ағымдағы жылға жоспарланған 6 көшенің 4 көшесіне орташа жөндеу жұмыстары жүргізіліп, толықтай аяқталды. Сондай-ақ, одан бөлек 2 көшеге (Шахтерский және Б.Момышұлы) қайта жаңғырту жұмыстары өз мерзімінде аяқталу көзделуде.
Қаратау қаласының әкімінің айтуынша қаланың табиғи газбен қамтылу деңгейі – 7 532 немесе 91,33 пайыз. Ауыз су жүйелерінің ұзындығы — 128,0 шақырымды құрайды екен. Тұрғындар ауыз су толықтай қамтамасыз етілген. Тек қаланың шеткі бөлігінде орналасқан «Флора», «Достық», «Строительный» саяжайларында тіршілік нәрінен тапшылық бар. Ауыз су тарту мәселесі бойынша жобалық-сметалық құжаттамалары әзірленген. Аудан әкімдігінің тұрғын үй коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің тарапынан бюджеттік өтінім берілген. Ауыз су тарту жұмыстары 2024 жылға жоспарланған..
-Шағын қаланың шырайы жыл өткен сайын жақсарып келеді. Бүгінде орталықта 72,5 шақырым кәріз жүйесі тартылған. Қала аумағындағы тазалықтарды жүйелендіру үшін кәріз тазарту станциясын орнату қажееттілігі бар. Жылу құбырлары — 28,9 шақырым. Оның ішінде 7,1 магистральдық жылу құбыры. Бүгінгі күнге жылу желілерінің 12,5 шақырымы немесе 43,2 пайыз тозығы жетуіне байланысты ауыстыруды қажет етеді,-дейді қала әкімі.
Қаланың жылуын «Игілік» кәсіпорыны қамтамасыз етеді. Мазут шаруашылығының тозу деңгейі 78 пайызды құрайды. Бүгінгі күнде диагностикалық сараптама жүргізілді. Орталық қазандықтың 2 – су жылыту және 1 – бу қазандығына күрделі жөндеу жұмыстары қажет етеді. Жалпы жылу желілерінің (бес жоба) орталық қазандық пен мазут шаруашылығына диагностикалық сараптама мен жобалық сметалық құжатнамаларына 69,6 млн. теңге қаражат қажет етеді», — деп атап өтті қала басшысы.