Жамбылдық полицейлер 20 миллион теңгенің есірткісін тәркіледі

0 19

ҚР ІІМ-нің 2024 жылға арналған операциялық жоспарын орындау мақсатында “Дәрмек” жедел-алдын алу іс-шаралары өткізілді.

Операцияның мақсаты есірткі, психотроптық заттар мен прекурсорлардың заңды айналымы саласындағы құқық бұзушылықтарды анықтау және жолын кесу болды.

Жамбыл облысының Полиция департаменті рейдтер жүргізу кезеңінде 7 есірткі құқық бұзушылығын анықтады. Заңсыз айналымнан 8,5 келіден астам түрлі есірткі құралдары тәркіленді.

Мәселен, ПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері синтетикалық есірткі сатумен айналысатын Тараз қаласының 33 және 35 жастағы тұрғындарын ұстады, тінту шараларының нәтижесінде олардан қара нарықтағы құны 20 миллион теңге болатын 320 грамнан астам «Мефедрон» тәркіленді.

— Полиция қызметкерлері 18 дәріхананы, 15 медициналық мекемені және 6 қойманы тексерді, онда әкімшілік есірткі құқық бұзушылықтың 16 дерегі анықталды.
Олардың ішінде үй-жайларды техникалық нығайту талаптарын бұзудың 8 дерегі, фармацевтикалық қызмет ережелерін бұзудың 5 дерегі, лицензиялау шарттарын бұзудың 2 дерегі және заңсыз фармацевтикалық қызметтің 1 дерегі бар, — деді Жамбыл облысы ПД ЕҚҚІБ бастығы полиция полковнигі Әлім Бажықбаев.

Сондай-ақ, 500 грамм «метанол» улы заты, 250 000 келіден астам түрлі прекурсорлар (тұз, сірке және күкірт қышқылдары) тәркіленді.

Есірткіге қарсы профилактикалық іс-шаралар Жамбыл облысының барлық аудандарында өткізілді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.