Жаһандық инвестициялар форумы өтті

0 4

Шетелдік инвесторлар Қазақстанға 7 млрд доллар инвестиция салмақ. Құжат елордада өткен Жаһандық инвестициялар форумында бекіді. Оның ішінде минералды ресурстар, жаңартылған энергия, ауыл шаруашылығы және көлік саласындағы жобалар бар.
Алпауыт компания басшылары, жер-жерден келген шетелдік инвесторлар мен Үкімет мүшелері. Тілдері әртүрлі болғанымен мүдде — бір. Әріптестік орнатып, бірлескен жобаларды жүзеге асыру. Форумға 300-ден астам шетелдік инвестор қатысты. Оның аясында жалпы құны 7 млрд доллар болатын 32 жобаға қол қойылды. Инвестицияның көбі Қытай, Германия, Қатар, Оңтүстік Корея елінен тартылған. Соның бірі — Ақмола облысында ашылатын бидай өңдеу зауыты. Жобаға Қытайлық ірі компания 650 млн доллар құймақ. Зауыт 2-3 жылда салынып, мыңнан астам адам жұмыспен қамтылады.Инвесторлар 4-5 облысты аралап, Аршалы ауданына қоныстанды. Себебі, бұл жер сумен, жарықпен, газбен қамтылған. Бастапқы кезеңде 1 млн тонна бидайды өңдеу жоспарланды. Фармацевтика саласында да ілгерілеу бар. Халықаралық ірі компаниялар Қазақстанды Орталық Азия нарығындағы көшбасшы деп атады. Tele2 және Altel брендтеріне иелік ететін қатарлық компания да Қазақстанға тағы инвестиция құюға ниетті.
-Елдің географиялық аумағы барлық нарықты қамти алатын халықаралық сауда хабына айналуға зор мүмкіндігі барын көрсетеді. Оның үстіне Қазақстан Үкіметі шетелдік инвестиция көлемін 2029 жылға қарай 150 млрд долларға дейін ұлғайту туралы жоспарлап отыр-дейді «POWER INTERNATIONAL HOLDING» компаниясының директоры Рамез АЛЬ-Хаят.
Шетелден инвестиция тарту кезінде отандық кадрларды даярлау мен қолдауға ерекше мән берілмек. Ал инвесторлардың құқығын қорғауда бизнестің мүддесі маңызды. Үкімет басшысы бұл прокуратураның басты міндеті деп атап өтті.
— Қазақстан Үкіметі тұрақты және болжамды инвестициялық ахуалды қолдау үшін бар күшін салады. Жобаны іске асырудың әрбір кезеңінде инвесторлармен тікелей өзара іс-қимыл жасауға үлкен мән береміз, сіздердің құқықтарыңызды қорғауға басымдық берілген,-дейді ҚР Премьер министрі Олжас Бектенов.
Егемендік алғаннан бері ел кономикасына 417 млрд доллар шетелдік инвестиция салынды. Алдағы 5 жылда тағы 400 млрд доллар тарту жоспарланған. Бұл ел экономикасын әртараптандырып, оның бәсекеге қабілеттілігін арттыруға орасан мүмкіндік.

Leave A Reply

Your email address will not be published.