Жамбыл облысында жаңа типтік үлгідегі 40 ветеринариялық пунктің құрылысы жүруде. Оның алғашқысы Байзақ ауданында пайдалануға берілді.

Өткен аптада Жамбыл облысына жұмыс сапарымен келген ҚР Парламенті Мәжілісінің Аграрлық мәселелер комитетінің төрағасы мен мүшелері, Су ресурстары және ирригация, Ауыл шаруашылығы министрлігінің өкілдері, сондай-ақ республиканың басқа өңірлерінің ветеринарлары аталған нысанмен жан-жақты танысты. Сондай-ақ делегацияға ветеринария саласында атқарылып жатқан жұмыстар баяндалды.
Жалпы, өңірде 75 ветеринариялық пункттің қажеттілігі анықталған. Осы мәселені шешу мақсатында биыл емдеу алаңдары бар, бірыңғай жаңа типтік үлгідегі 40 ветеринариялық пункттің құрылысын жүргізу жоспарланған, оның 20-сы мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында салынуда.
2026 жылы 35 ғимарат құрылысы жүргізіледі деп күтілуде.
Ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғали Бердалиннің айтуынша, Жамбыл облысы ветеринария саласына жаңашылдықтар енгізу бойынша өңірлер арасында көш бастап тұр. Әсіресі, ветеринариялық пункттер салу жобасы тиімділігін көрсетіп отыр.
Айта кету керек, облыста 2025 жылы ветеринария саласын дамытуға 4,6 млрд теңге бөлінді, бұл өткен жылмен салыстырғанда 9 пайызға артық.
Салада 1 055 маман еңбек етеді, соңғы екі жылда жұмысшылардың жалақысы 30 пайызға өсті.
Ветеринариялық станцияларда 316 қызметтік техника бар. Биыл облыстық бюджет есебінен 50 жаңа автокөлік сатып алынды.
Бұдан бөлек, ветеринарлар 160 дана термосөмкемен қамтамасыз етілді. 29 млн теңгеге маусымдық қызметтік киім сатып алу көзделіп отыр.
Облыс аумағында 48 биотермиялық шұңқыр бар. Ағымдағы жылы 25 шұңқыр құрылысын жүргізу жоспарланып, 13-нің құрылысы қарқын алған. Қалған 12 шұңқырдың жер телімі нақтылануда.