«Таза Қазақстан» — елімізде өткізіліп жатқан жалпыұлттық экологиялық акция. Бұл акцияның басты мақсаты – қоршаған ортаны қорғау, табиғатты аялау, халықтың экологиялық мәдениетін арттыру және ел аумағындағы тазалықты сақтау.
Науқан қарсаңында елдік шараға өңірлік «Ассамблея жастары» РҚБ мүшелері белсенділік танытып, Ғазиз Байтасов көшесі, Пушкин, Абай көшелері қиылысы және Жамбыл даңғылы маңын күл-қоқыстан арылтып, тазалық жұмыстарын жүргізді.
Көрікті шаһарды көркейтуге үлес қосқан ассамблея белсенділері игі шараны қолдауға әркез дайын екендіктерін жеткізді.
Көппен бірге атқарылған жұмысқа жұдырықтай жұмылған жастар көпшілікті қоршаған ортаны таза ұстауға шақырды.