Облыста 2025-2028 жылдары құны 3,1 трлн. теңгені құрайтын 62 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланған. Онда барлығы 5 мыңнан астам жаңа жұмыс орындары ашылады. 2024 жылы құны 214 млрд. теңгені құрайтын 35 инвестициялық жоба іске асырылып, 1,4 мыңнан аса жаңа жұмыс орны құрылды,- деп хабарлайды «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі.
Бүгінде «Тараз» индустриалды аймағының аумағында 1,3 мың жұмыс орнын құру арқылы құны 137 млрд. теңгені құрайтын 15 жобаны жүзеге асыру жоспарлануда. Облыс аудандарында «Меркі», «Құлан», «Сарысу-1» және «Сарысу-2» субаймақтары 180 гектарға құрылды. Бұл субаймақтарда әр ауданның ерекшелігіне қарай орта және шағын кәсіпорындар ұйымдастырылған.
«Тараз» индустриялық аймағы мен «Jibek Joly» арнайы экономикалық аймағы аумағында шағын орта бизнесті қолдау үшін өнеркәсіпті дамыту қорының қаражаты есебінен заманауи өндірістік жайлардың құрылысы басталды (ауданы 40 мың шаршы метр). Кәсіпкерлермен инженерлік инфрақұрылымы жүргізілген жайлардың 30 пайызы броньдалды. Өндірістік жайлар төмен бағамен ұзақ мерзімді жалға беріледі. Нысандар осы жылдың 2 тоқсанынан бастап іске қосылады. Ал кедергілер мен бюрократияны жою үшін инвесторларды қолдау орталығы «бір терезе» қағидаты бойынша қызмет көрсетеді.
Айта кету керек, , өткен жылдың қорытындысы бойынша кәсіпкерлерге қатысты қылмыстық істердің тіркелуі төрт есеге азайып, 21 инвестордың мәселесі шешілген. Прокуратура органдары 4 мыңнан астам кәсіпкердің құқығын қорғаған.