Байзақ ауданында Аналар және Халықаралық мейірбикелер күндеріне байланысты жиын өтті. Басқосуда ақ халатты абзал жандардың еңбегі айтылып, бірқатары марапатқа ие болды, — деп хабарлайды «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі.
Жиын аудандық мәдениет үйі әншілерінің аналарға арнаған Дулат Жасұзақов пен Мейірім Хамзинаның орындауындағы “Анамның жаққан ошағы” әнімен ашылды. Сондай-ақ кеш барысында Жанат Сәлімбаева мен Темірлан Қапышовтың орындауында “Анаға сый” әні жоғары дәрежеде орындалып, оған қол соғып, қошемет көрсетушілер көп болды.
Жиында аудандық орталық аурухана бас дәрігерінің орынбасары Бақтияр Мейірбеков жиынға қатысушыларды алдымен Аналар күнімен, содан соң Мейірбикелер күнімен құттықтап, өзінің ізгі тілегін білдірді.
— Ана-әрбір адамның дүниедегі ең жақыны, жанашыры, қадірлісі қамқоршысы, ақ сүтін беріп аялаған, жанын ешқашан аямаған ардақтысы. Кез келген адамның әдептілігі мен жан дүниесінің сұлулығы ең алдымен балаға ақ сүтін беріп, әлпештеп өсірген ана жүрегінің жылуынан басталады. Бала бойындағы ең жақсы қасиеттер алдымен анадан тарайды. Демек, ананы үнемі құрметтеп, сыйлау әрбір баланың парызы. «Ана бір қолымен бесікті тербесе, екінші қолымен әлемді тербейді»,- деген сөз бар. Ендеше анаға деген құрмет ешқашан ортаймауы тиіс. Аналарымызға амандық, отбастарына бақ-береке тілейміз.
Бүгінгі Аналар күнімен Медбикелер күнінің қатар өткізіліп жатқанының өзі үлкен маңызға ие. Себебі жаңа туған нәрестені қолына алып, ана атануларына үлестерін қосатын медбикелер денсаулық сақтау саласының негізгі қозғалтқыш күші. Мейірбике мамандығы-алғашқы медициналық-санитариялық көмек көрсететін әлеуетті мүмкіндігі орасан қызметтің бірі. Олар шеберлік пен білімді ұштастырған, жан-жақты күтім процесіне толығымен жауапты, мейірімділік көрсететін, Гиппократ антына адал жандар. Мерекелеріміз құтты болсын, ақ халатты абзал жандар, — деді Бақтияр Абуұлы.
Мерекеге орай Бақтияр Мейірбеков үздік мейірбике Бегзада Кашкинбаеваға Жамбыл облысы мейіргер ісі мамандарының кәсіби бірлестігінің «Шарапат» төсбелгісін, мейірбике Ғалия Дәуренбекова мен Пардагүл Тупаловаға Жамбыл облысы мейіргер ісі мамандарының кәсіби бірлестігінің Құрмет грамотасын, ал Сандуғаш Салимоваға Алғыс хатын, Түймекент орта мектебінің мектеп мейірбикесі Палымкүл Бекмұратоваға құттықтау хатын табыс етті.
Сондай-ақ аудандық орталық аурухана, емхана, ауылдық жерлердегі медициналық мекемелердің алдыңғы қатарлы мейірбикелеріне орталық аурухана бас дәрігерінің Алғыс хаттары табыс етілді.
Аналар мен Мейірбике мерекелеріне орай аудандық мәдениет үйінің әншілері әуезді ән шырқап, мерекеге қатысушыларға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.