Қала әкімі Қазақ ұлттық су шаруашылығы және ирригация университетіне бірігіп саябақ салу құрылысы жобасын ұсынды
Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков Қазақ ұлттық су шаруашылығы және ирригация университетіне жұмыс сапарымен келген шетелдік профессорлар Ронни Берндтссон мен доктор Амир Нагиби және университет ректоры Камшат Түсіповамен кездесті.
Шетелдік инвесторлармен кездесуде өңірдегі су ресурстары инженериясын дамыту, стратегиялық зерттеу бағытынан бөлек, университет аумағын демалыс аймағына айналдыру мәселесі қозғалды.
Бұрынғы «Гидро» кешен маңындағы тұрғындар қала әкімімен кездесуінде саябақ мәселесін көтеріп, талап-тілектерін айтқан болатын. Өйткені оқу ордасы орналасқан аумақта 40 мыңнан астам адам тұрады.
Осыған орай, шетелдік ғалымдармен кездесуде, шаһар басшысы арнайы әзірлеген ауқымды жобаны таныстырып, оның университет студенттері, тұрғындар мен қала үшін де тиімді екенін атап өтті. Сол себепті әкімдік тарапынан саябақ құрылысын салу үшін «Қазақ ұлттық су шаруашылығы және ирригация университеті» АҚ-ның теңгеріміндегі 6,7 гектарды құрайтын жер телімін мемлекет меншігіне бөліп беру ұсынысы туралы келіссөздер жүргізілді.
Егер ұсыныс қолдау тапса, үлкен экологиялық жоба жүзеге аспақ. Саябақ аумағы тек студенттер үшін ғана емес, сол маңдағы тұрғындар үшін де демалыс аймағына айналады. Яғни, спорттық алаңшалар, демалыс орындары және мәдени-бұқаралық шаралар мен фестиваль-пікірталас өткізетін орындар ашылады.