ҰЛЫ ЖЕҢІСКЕ 80 ЖЫЛ: Аудандық конференция «Ұлы соғыс, Ұлы ерлік, Ұлы Жеңіс» тақырыбына арналды

0 4

Биыл адамзат тарихындағы ең қасіретті Екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталғанына 80 жыл толып отыр. Сұрапыл соғыста қаншама адамның өмірі қиылды. Жеңістің 80 жылдығын атап өту тек тарихты еске алу емес, оның зардабын ұғынып, сабақ алу арқылы бейбітшіліктің қадірін түсіну.

Бүгін Байзақ ауданы, Сарыкемер ауылында Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай өткізілген аудандық конференция «Ұлы соғыс, Ұлы ерлік, Ұлы Жеңіс» тақырыбына арналды.
Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің сіңірген еңбегін, өмір жолын насихаттау, қазақ халқының Ұлы Жеңіске қосқан үлесі және жастардың патриоттық сезімін ояту, отансүйгіштікке тәрбиелеу мақсатын көздеген конференцияға аудан әкімі Олжас Баққараев, зиялы қауым өкілдері, тыл еңбеккерлері, ардагерлер, аналар, аудан әкімдігінің бөлім, мекеме басшылары, ауыл, ауылдық округтер әкімдері, белсенді жастар қатысты. Жергілікті ақын-сазгер Қасқырбай Нарбатырдың модераторлығымен өткен конференцияда Ұлы Жеңістің 80 жылдығын атап өту – құрбандарды еске алып, жаңа ұрпаққа бейбітшіліктің құндылығын жеткізудің маңызды кезеңі екені айтылды.

Қазақ Ұлттық су шаруашылығы және ирригация университеті әскери кафедрасының аға оқытушысы, запастағы полковник Қайсар Ділдақұлов «Ешкім де, ештеңе де ұмытылмайды» тақырыбында баяндама жасады. Кеңес Одағының Батыры, жерлесіміз Ақәділ Суханбаевтың туылғанына 105 жыл толуына орай, қазақтың біртуар Батыры туралы кітаптың авторы, Қазақстанның құрметті журналисті, Еңбек ардагері, Байзақ ауданының Құрметті азаматы, жазушы Тұрсынхан Толқынбайұлы тебірене сөз қозғады. Ал, ұлт мақтанышы, даңқты қолбасшы, әскери қайраткер Бауыржан Момышұлы жайында Ғани Мұратбаев атындағы мектеп-гимназиясы тарих пәнінің мұғалімі Жандар Талғатұлы ақпаратпен бөлісті. Конференция жұмысы Азамат Исаевтың орындауында «Жеңіс күні» әнімен қорытындыланды.

Конференция соңы марапаттау рәсіміне жалғасты. Онда аудан әкімі Олжас Баққараев «9 мамыр — Жеңіс күні» мемлекеттік мерекесіне орай, Қазақстан Республикасы Президентінің 2025 жылғы 28 сәуірдегі Жарлығы бойынша «Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске 80 жыл» мерекелік медалімен бір топ тыл ардагерлерін марапаттады. Сонымен бірге, «7 мамыр — Отан қорғаушы күні» және «9 мамыр — Жеңіс күні» мемлекеттік мерекелеріне орай, еліміздің бейбіт өмірі мен болашағы үшін жасаған еңбегі, әскери қызметке қосқан үлесі үшін бірқатар сала қызметкерлері Жамбыл облысы әкімінің Құрмет Грамотасы және Алғыс хатына, антына адал қызмет атқарғаны үшін бірнеше азаматтар Байзақ ауданы әкімінің Грамотасы, Алғыс хатына ие болды.

Шара соңы аудандық әл-Фараби атындағы мәдениет үйі қызметкерлерінің концерттік бағдарламасына ұласты. Бүгінгі мерекелік шара Ұлы Отан соғысында құрбан болған аталарымыз бен әкелеріміздің, мәңгі жас болып, жадымызда сақталған жауынгерлер мен офицерлер рухына, бейбіт кезеңде дүниеден өткен ардагерлерге, бүгінде ортамызда жүрген Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің құрметіне және бүгінгі күннің батырларына айналған Отан қорғаушыларға, әскери қызметкерлерге арналды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.