Биыл адамзат тарихындағы ең сұрапыл соғыстағы Жеңіске 80 жыл толып отыр. Отанына деген адалдық пен еліне деген жанқиярлықтың үлгісін көрсеткен батырлардың рухы алдында кейінгі ұрпақ әрқашан бас иіп, қан майданда от кешкен қаһармандарға тағзым етеді.
Осы орайда, футболдан 2012-2013 жылы туылған жасөспірім ұлдар арасында Кеңес Одағының батыры Ағаділ Суханбаевты еске алуға арналған республикалық турнир өз мәресіне жетті. Сарыкемер ауылындағы №8 облыстық мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің кешенінде өткен республикалық турнирдің басты мақсаты – жастарды экстремизм мен терроризмге қарсы тәрбиелеу, спортшылардың спорттық шеберлігін арттыру, жастар мен жасөспірімдер арасындағы салауатты өмір салтын қалыптастыру және жүйелі түрде спортпен шұғылдануға тарту.
Аталған жарысқа шет елден және Жамбыл облысынан командалар қатысты. Турнир қатысушылары алты командаға бірікті. Атап айтқанда, Қырғызстан мемлекеті, Қайнар, Сұңқар, Хет-трик, Талас ауданы Ақкөл, Байзақ ауданы №8 спорт мектебі командасы өзара бақ сынасты. Төрт күнге созылған турнирдің жеңімпаздарын марапаттау шарасында аудан әкімінің орынбасары Рүстем Қасымов, Байзақ ауданы мәслихатының депутаты Асылбек Жантаев, Тараз футбол клубының басшысының орынбасары Ерлан Сүйінбаев ретімен сөз алып, шараның маңыздылығына тоқталды. Дәстүрлі түрде жыл сайын өткізілетін бұл турнирге командалар белсене қатысып, бәсекелі ойын болғандығын атап өтті.
Тартысты өткен турнир нәтижесінде ІІІ орынды Хет-трик командасы, үздік ІІ орынды Қайнар командасы иеленсе, жүлделі І орынға Байзақ ауданы №8 спорт мектебі командасы ие болды. Сондай-ақ, жарыс барысында үздік ойын көрсеткен ойыншылар арнайы номинациялар бойынша марапатталды. Жеңімпаздар шараны ұйымдастырушылар тарапынан тағайындаған Кубоктар, медальдар, Дипломдар және бағалы сыйлықтар табысталды.