Байзақ ауданында аудандық мәслихат жанындағы «Аумақты экономикалық дамыту, қаржы, бюджет, әкімшілік аумақты құрылым, адам құқығын қорғау мәселелері және жер учаскелерін сатып алу туралы шарттар жобаларын қарау» жөніндегі тұрақты комиссияның отырысы өтті, — деп хабарлайды «ZkambylNews» Ақпараттық Агенттігі.
Отырысқа мәслихат жанындағы тұрақты комиссиялардың мүшелері, аудандық мәслихаттың төрағасы Бақтияр Ақбаев, аудан әкімінің орынбасары Қуаныш Бүркітәлиев, аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Қыдырәлі Оралов, аудан әкімдігінің бөлім басшылары, ауыл, ауылдық округ әкімдері қатысты.
Онда «Ауданның 2024 жылға арналған бюджетінің атқарылуы туралы» аудан әкімдігі қаржы бөлімінің басшысы Жарқынбек Айтқұлов баяндама жасады.
-Аудандық бюджетке жыл ішінде 7 мәрте нақтылау және түзету енгізіліп, нәтижесінде түсім бөлігі 2076,1 млн. теңгеге артқан . Ауданның төртінші деңгейлі бюджетіне 6 рет нақтылау және түзету енгізіліп, нәтижесінде түсім бөлігі 739,2 млн. теңгеге артқан, ал шығыстары 757,1 млн. теңгеге артты.
Аудан бюджетінің кірістері 101,4 пайызға орындалды, түзетілген жоспар 11 904,9 млн. теңге, орындалғаны 12070,7 млн. теңге, шығындар бойынша орындалғаны 99,0 пайыз.
Салықтық түсімдер 103,6 пайызға орындалды, нақтыланған жоспар 3 733,3 млн. теңге, түскені 3867,6 млн. теңге. Салықтан тыс түсімдер 104,5, трансферттердің түсімдері 100 пайызға орындалды,-деген Жарқынбек Әбдіманапұлы одан әрі әрбір бағдарламаларға сәйкес жалпы сипаттағы мемлекеттік қызметтерге, қорғанысқа, қоғамдық тәртіп, қауіпсіздік, құқықтық, сот, қылмыстық-атқару қызметі, әлеуметтік қамсыздандыруға, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығына, ауыл шаруашылығына, өнеркәсіп, сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметіне, көлік және коммуникацияға, бдюжетті атқару бойынша жүргізілген іс-шаралар мен басқада қажеттіліктерге жұмсалған қаржыларды жеке-жеке айтып берді.
Көтерілген мәселелерге орай баяндамашыға аудандық мәслихаттың төрағасы, депутат Бақтияр Ақбаев, депутаттар Құралай Үкібаева, Гүлсун Ешеева, Айдын Қалабаев, Алмас Большебековтер тарапынан сұрақтар қойылып, ұсыныстар айтылды. Қойылған сұрақтарға баяндамашымен бірге аудан әкімінің орынбасары Қуаныш Бүркітәлиев, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары және сәулет, қалақұрылысы және құрылыс бөлімдерінің басшылары Дәуренбек Мадешов, Ербол Садыровтар жауап берді.
Күн тәртібінде қаралған мәселе бойынша облыстық мәслихат тексеру комиссиясының мүшесі Ілияс Төлемісов,, аудан әкімдігі сәулет, қалақұрылысы және құрылыс бөлімінің басшысы Ербол Садыров пен Көптерек ауылдық округінің әкімі Самат Күсемісов жарыссөзге шығып, 2024 жылы атқарылған жұмыстар бойынша баяндады.Отырыста қаралған мәселені аталған комиссияның төрағасы Елнұрбек Ермеков қорытындылады.
Қаралған мәселе бойынша қаулы қабылданды.
Екінші мәселе ауданымыздағы ауылдық елді-мекендерді ауыз сумен қолжетімді қамтамасыз ету бағыты бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы «Байзақ су» коммуналдық мемлекеттік кәсіпорнының директоры Қуанышбек Болысбаев есеп берді.
-«Байзақ су» КМК кәсіпорны 2012 жылы аудан әкімдігінің қаулысымен құрылған. Кәсіпорынның негізгі мақсаты – аудан мектептерін жылу және халықты ауыз сумен қамтамасыз ету саласында шаруашылық-коммерциялық қызмет атқару және материалдық базаны дамыту болып табылады.
Аудандағы 43 елдімекеннің 36-ы яғни аудан халқының 89,3 пайызы таза ауыз суға қол жеткізіп отыр. Бүгінде ауыз суды 13 683 абоненттер пайдаланады. Ауыз су тәулік бойы беріледі. Біз ауылдық округ әкімдігі мамандарымен бірлесе отырып, ауыз суды пайдалану, оның қаржысын уақытылы төлеп отыру туралы халықпен түсіндіру жұмыстарын жүргізудеміз. 1 текше метр судың бағасы жеке тұлғаға қосымша құн салығымен 90 теңге 76 тиын болса, заңды тұлғаға 180 теңге 70 тиын болып бекітілген.
Қазіргі таңда 23 мектеп қазандығы біздің кәсіпорын теңгерімінде. Біз қазандықтарды жөндеу, істен шыққан бөлшектерін ауыстыру жұмыстарын жүргізудеміз. Әліде атқарылатын жұмыстар аз емес, — деді Қуанышбек Шәріпбекұлы.
Жаңадан тағайындалған кәсіпорын басшысына депутаттар сұрақ қойып, жауап алды, алдағы жұмысына табыс тіледі. Ауданда ауыз судың тұрақты беріліп, қазіргідей жылы кездерде мектеп қазандықтарын алдағы қыс мерзімі басталғанға дейін жөндеп қою керектігі баса айтылды.
Қаралған мәселеге байланысты кәсіпорын қызметін жандандыруды талап етілген қаулы қабылданды.