Байзақ ауданы орталығындағы Ақәділ Суханбаев атындағы саябақта аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесі қызметкерлерінің ұйытқы болуымен «Ашық аспан астындағы кітапхана» облыстық жобасы аясында Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналған «Ұлы Жеңіс – ұмытылмас ерлік» атты әдеби -әуенді шара өтті.
Ұлы Жеңістің 80 жылдығы – тек тарихи дата ғана емес, ұрпақтар, ерлік пен бірліктің символы. Ұлы Жеңістің 80 жылдығы – бұл өткенге тағзым етіп, болашақ үшін бейбітшілікті сақтау қажеттігін түсінетін маңызды дата. Ардагерлердің ерлігі, тарихтың сабағы және ұлттық бірлік – осы мерекенің басты мәні болып қала береді.
Шара шымылдығы кітапхана қызметкерлерінің орындауындағы әнмен ашылды. Одан соң жүргізушілер ананы баласынан, ағаны бауырынан айырып, мыңдаған боздақтарды жер жастандырып, бөтен елдің топырағын бұйыртқан зұлмат соғыстың өлшемі адам өмірімен, тағдырымен бағаланып, өте қымбатқа түскен Жеңістің тарихы жайлы мағлұмат берілді. Кітапханашылар Тұрсынай Тұрғынбай мен Алтынай Орманова шығыстың қос жұлдызы — Әлия Молдағұлова мен Мәншүк Мәметованың ерліктері туралы шағын көрініс көрсетті. Әрмен қарай еліміздің бостандығы мен бақытты өміріміз үшін жаумен шайқасқан қазақстандық Кеңес Одағының Батырлары, соның ішінде ерліктің өшпес ерлігін көрсеткен жерлесіміз, даңқты батыр Ақәділ Суханбаев туралы кеңінен ақпарат берілді.
Саябақта жиналған көпшілік Ұлы Жеңістің оңайлықпен келмегендігін, Жеңіске қазақстандықтардың қосқан үлесін көз алдарынан өткізе білді. Аудандық мәдениет үйінің қызметкерлері Алмахан Исабаев пен Марал Жанбаеваның орындауында патриоттық әндер шырқалды. Кітапханашы А.Саршаева «Әлия» әнін әуелете шырқап, жиналғандардың қошеметіне бөленді.
Шара соңында көрермендер назарына Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналған әртүрлі кітап инсталляциялары мен кітап көрмелері ұсынылды.