Байзақта Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналған шаралар легі жалғасуда

0 6

Ұлы Жеңістің 80 жылдығы қарсаңында Жалғызтөбе ауылдық округіне қарасты Жетібай ауылындағы орталық саябақта Жеңіс күніне орай ескерткішке гүл шоқтары қойылып, соғыс ардагерлері бір минут үнсіздікпен еске алынды. Аталған шараға аудан әкімінің орынбасары Рүстем Қасымов, ауыл тұрғындары, мектеп оқушылары көптеп қатысты.

Жеңіс күніне арналған шара бұдан әрі Жамбыл атындағы орта мектебі ауласында жалғасын тапты. Мұнда жыл сайынғы дәстүрге айналған Ұлы Отан соғысының ардагері, марқұм Жетпіс Кембаев атындағы 300 000 теңгелік шәкіртақы сертификатының тапсырылуы болды.
Шәкіртақыны осыдан бірнеше жыл бұрын ардагердің ұлы, Аққия ауылының имамы, мектеп қамқоршылық кеңесінің төрағасы Ахмет Кембаевтың отбасы белгілеп, жылда осы мезгілде салтанатты жағдайда табыс етуді әдетке айналдырған.
-Шәкіртақы тағайындаудағы мақсатым-жыл сайын соғыс ардагері әкемді еске ала отырып, ауыл балаларын ынталандыру. Балалар-біздің болашағымыз. Тәуелсіз еліміздің тірегіде солар. Сондықтанда мектеп оқушыларының білімі ғана емес, тәрбиесі, сабақтан қалмай осындағы қоғамдық жұмыстарға белсене қатысуы да жеңімпаздарды ұлықтауда ескерілетін болады, — дейді іс-шараны ұйымдастырушы Ахмет Кембаев.
Мектеп алдында өткен іс-шарада алдымен аудан әкімінің орынбасары Рүстем Қасымов сөз алып, осындай сауапты іс жасап отырған Кембаевтар отбасына ризашылығын білдірді. Ал мектеп оқушыларына мұндай шәкіртақы тағайындап, тапсыру оларды білімге деген құштарлығын арттыратынын баса айтты. Сондай-ақ тәрбиелі болып өсу, қоғамдық жұмыстарға қатысуы, сабақтан қалмауына дейін ескерілуі орынды екенін атап өтті. Келешекте мұндай бағалы бастаманы басқа мектептерде де ұйымдастыру қажеттігіне екпін берді. Округ әкімі Мейржан Тайтелиев мектептегі осындай жақсы бастамалар туралы айтса, ардагердің ұлы Серік Кембаев ардагер әкесін үлгі ететіні туралы айта келіп, одан тараған ұл-қыздары туралы да айта кетті. Анасы Мұраткүл апай 10 баласын жеткізіп, енді солардың қызығын көретін шақта бар болғаны 55 жасында өмірден өткенін өкінішпен еске алды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.