Тұрғындар қуғын сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алды

0 6

Жыл сайын 31 мамырда елімізде Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні аталып өтеді. Бұл күн – тарихымыздың ең ауыр әрі қайғылы беттерін еске алатын, жазықсыз жапа шеккен бабалар рухына тағзым ететін күн.
Өткен ғасырдың 30-50 жылдары елімізде мыңдаған адам “халық жауы” деген жалған айыппен қуғындалып, түрмеге жабылды, ату жазасына кесілді. Сол кезеңде қазақ халқы тағы бір ауыр қасірет – ашаршылықты бастан кешті. 1931-1933 жылдардағы ашаршылықтан миллионнан астам адам көз жұмды. Халық туған жерін тастап, босып кетті. Бұл – тарихымыздағы орны толмас қасірет.
Біздер, тәуелсіз елдің ұрпағы, осындай зұлмат жылдарды білуге, еске алуға және тағылым алуға тиіспіз. Тарихты ұмытпау – болашақта мұндай әділетсіздіктің қайталануына жол бермеудің бірден-бір жолы. Бүгінгі бақытты күндеріміз Алаш арыстарының арманы болған еркіндік пен білімнің жемісі екенін ұмытпауымыз керек. Бүгінгі бейбіт күніміз бабалардың жанымен келген аманат.
Өткен аптада Қаратау қаласындағы Саяси қуғын -сүргін құрбандарына арналған ескерткішке гүл қою рәсімі өтіп, оған аудандық ардагерлер кеңесі, AMANAT партиясы аудандық филиалы және бірқатар мекеме қызметкерлері қатысты.
Иә, өткен ғасырда Кеңес Одағының құрамында болған қазақ халқы зобалаң жалдардың тауқыметін көрді. Күшпен ұжымдастыру кезінде мал-мүлкінен айырылып, алапат аштықтың азабын тартты. Сталиндік репрессия кезінде қазақ зиялылары жазықсыз қудаланды. Репрессия мен ашаршылық құрбандарын бір сәт үнсіздікпен еске алған тұрғындар ескерткішке гүл шоқтарын қойды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.