Ауылға келген жас маманға сыйақы беріледі

0 3

Елімізде 2009 жылдан басталған «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы жүйелі жалғасуда. Аталған бағдарлама арқылы 2023 жылы Камила Жанұзақова Қарғандыдан Қордайға ауысып, көтерме жәрдемақыға қол жеткізген маман.
Бүгінде жас мамандар «Дипломмен ауылға» бағдарламасы аясында қаладан шалғай орналасқан елдімекендерге, алыс ауылдарға, аудан орталықтарына жастар ауылды көркейту үшін барып жатқаны белгілі. Мәселен, Қордай аудандық орталық ауруханасына 2023 жылы «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы аясында келген дәрігердің бірі – акушер-гинеколог Камила Жанұзақова. Ол – Тараз қаласының тумасы.
-Мен 2023 жылы білімімді толық жетілдіре түскен соң, «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша Қордай аудандық орталық ауруханасына жұмыс істеуге келдім. Қазіргі таңда, ауруханада акушер-гинеколог дәрігері болып жұмыс істеп жатқаныма екі жыл болды. Жұмыс әрине өте қиын. Үлкен жауапкершілікті талап етеді. Бір адамның өміріне ғана жауап бермейсің. Сенің мойныңда ана мен нәрестенің өмірі және денсаулығы тұр,-дейді Камила Жанұзақова
Жас маманға облыстық денсаулық сақтау басқармасынан 800 мың теңге мөлшерінде көтерме жәрдемақы және жергілікті әкімшілік тарапынан 345 мың теңге ақшалай сыйақы берілген. Айта кетейік, «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасының елімізде үздіксіз жүзеге асырылып жатқанына биыл 16 жылға жуықтады. Аталмыш бағдарлама – енді ғана оқу бітірген жас мамандардың жұмысқа орналасуы үшін мемлекет тарапынан берілген үлкен мүмкіндік.

Leave A Reply

Your email address will not be published.