28 маусым-Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің күні. Бұл мереке 2011 жылдан бастап жыл сайын атап өтіледі. Аталған мерекеге орай, аудандық мәдениет үйінде аудан әкімі С.Мамытов ардагер қаламгерлерді, аудандық «Sarysý» газетінің журналистерін, аудан әкімдігі ішкі саясат бөлімінің «Ақпараттық медиа орталығы» мекемесінің қызметкерлерін қабылдады. Кездесу барысында аудан басшысы өңірдің тыныс-тіршілігін шынайы әрі жедел түрде халыққа жеткізіп жүрген журналистердің еңбегіне жоғары баға беріп, олардың қоғамдағы орны мен рөлін атап өтті.
— Қадірлі бұқаралық ақпарат құралдарының қызметкерлері! Құрметті сала ардагерлері!
Сіздерді бүгінгі кәсіби мерекелеріңіз-Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күнімен шын жүректен құттықтаймын! Журналист болу-халыққа қызмет ету. Сондықтан да журналистика саласына артылар міндет пен жүк жеңіл емес.
Бүгінде ақпарат айдынында еңбек етіп жүрген тілшілер қауымы заман көшінен қалмай, жаңа медианы меңгеріп, елдікті сақтау, азаттықты баянды ету жолында абыройлы қызмет атқарып жүр. Мемлекетімізде баспасөз бен тележурналистика, ақпараттық сайттар заман талабына сай түрленіп, қоғамға қажетті маңызды ақпараттарды уақытылы таратып келеді. Елді игі іске жұмылдырып, берекені арттырып, татулықты нығайтуда билік пен халық арасында алтын көпір болып жүрген бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің рөлі қашан да жоғары.
Журналистика-қызығы мен қиындығы мол, зор жауапкершілікті қажет ететін кәсіп. Алаштың ардақты азаматы, ұлт ұстазы А.Байтұрсынұлы «Газет-халықтың көзі, құлағы һәм тілі» демекші, осы салада қызмет етіп жүрген жергілікті ақпарат құралдарының еңбектері өлшеусіз. Сіздер аудандағы жаңалықтарды салмақты сөз, салиқалы пікірлеріңізбен жеткізіп, халықтың жүрегіне жол тауып келесіздер. Өңір тынысымен халықты дер кезінде құлағдар ету бағытындағы жұмыстарыңыз еселеніп, табысты да жемісті еңбектеріңіз еленіп, алдағы мақсаттарға жету жолындағы жаңа биіктер мен шыңдардан көріне беріңіздер.
Сіздерге ақпарат айдынындағы қажырлы қызметтеріңіз үшін үлкен алғысымды білдіре отырып, баршаңызға мықты денсаулық, отбасыларыңызға амандық, шығармашылық табыс пен шалқар шабыт тілеймін,-деп кәсіби мереке иелеріне құрмет көрсетіп, БАҚ саласында еңбек еткен ардагер журналистер мен ауданның мәдени-қоғамдық өміріне белсене араласып, сан алуан тақырыпта тартымды материалдар дайындап, журналистік шеберлігімен оқырман жүрегіне жол таба білгені үшін Қазақстан Журналистер одағының Құрмет грамотасымен, Жамбыл облысы әкімінің Алғыс хатымен, «Ауданға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен, аудан әкімінің Құрмет грамотасы және Алғыс хаттарымен марапаттап, бағалы сыйлықтарын тапсырды. Редакция ұжымына фотоаппарат сыйға берді.
Кездесу барысында жазушы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Пернебай Дүйсенбин мен жазушы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Бергентай Нұрмаханұлы сөз алып, сала мамандарын мерекемен құттықтап, Халыққа жасаған қызметтеріңіз абырой әкелсін. Табысты да жемісті еңбектеріңіз ақталып, алдағы мақсаттарға жету жолында жаңа биіктерден көріне беріңіздер деген тілектерін жеткізді.
Өз кезегінде аудандық «Sarysý» газетінің ұжымы өздеріне көрсетіліп жатқан ізеттері үшін аудан басшылығына ризашылығын жеткізді.