Қаратаудың баурайында орналасқан Сарысу жері тұнып тұрған таланттылар ордасы десем артық айтпағандық болар. Өнер айдынында есімі аңызға айналған тұлғалардың кіндік қаны тамған киелі қоныс. Саналы ғұмырында өзіндік өшпес қолтаңбасын қалдырып, өскелең ұрпаққа сара жол салған, жүзден жүйрік шыққандардың мекені. Сөзге де шебер, іске де ұста халқымыздың зор мәдениеті мен өнерін паш ететін құндылықтарының бірі- оның қолөнері. Бұл өнер-ұрпақтан-ұрпаққа мұра болып келе жатқан ұлттық мәдениетіміздің ажырамас маңызды бөлігі. Қолөнермен ата-бабаларымыз сонау көне дәуірден айналыса бастаған. Шеберлер ұлттық қолөнерлер бұйымдарын жасау арқылы елдің этикалық және мәдени ұлттық дәстүрін көрсете білген. Бұл күнде жүйке жүйесі ұсақ іске шыдамды, керісінше сол істен шабыт алатын, он саусағынан өнер тамған шеберлеріміз жетерлік. Олар көбіне қоғамнан тысқары, саяқ жүреді. Жақында сондай шебер қолдың иесін кезіктірген болатынбыз. Он саусағынан өнер тамған мүсінші, жайылмалық Гүлназ Асанқызы Төлеутаева жайлы газетімізге шығарғанды жөн көрдік.
Гүлназ апай Саудакент аулында Төлеутаевтар отбасында, 1980 жылы дүниеге келген.
Жарылқасын Отарбаев атындағы орта мектебінің табалдырығын аттап, 1997 жылы бітіріп шыққан. 2004 жылы М.Х.Дулати атындағы колледжге оқуға түсіп, 2007 жылы Бастауыш мамандығы бойынша колледжді бітіріп шығады.
Гүлназ Асанқызының бойында бала күнінен сурет салуға, әр түрлі заттардан қолөнер бұйымын жасауға қызығушылығы басым болды.
Кенжетай Сәулебаевпен шаңырақ құрып, екі ұл, бір қыз тәрбиелеп отыр. Жайылма ауылының тұрғыны. Әйтеке би мектебінің қызметкері.
Ұшқыр қиялының арқасында түрлі өнер туындыларын ойлап тапты. Қиял мен таланттан бөлек, мүсінші болу үшін асқан шыдамдылық керек, себебі бір мүсінді дайындаудың өзі бірнеше аптаға созылуы мүмкін. Иә, Гүлназ апайдың жасаған қолөнерлерін көрген жан танданысын жасырмайды. Жолбарыс, жылқы, қазақ қызы, аққу, қазақ ертегілері кейіпкерлерінің мүсіндерін жасап шығарған.
-Менің жағдайымда екеуі де бар деп ойлаймын. Өйткені әке-шешем өнерге жақын адамдар. Жас кезінде сурет салған, мүсін жасаған, қолөнермен айналысқан жандар. Олардың еңбектенгенін, ерекше дүниелер жасағанын көріп өстік. Бұл қасиет маған осылайша дарыды деп ойлаймын. Шынын айтсам, мүсін өнері көп еңбектенуді, ізденісті талап етеді. Таңертеңнен кешке дейін тапжылмай жұмыс істеуге тура келеді. Табиғаттан берілген бір пайыз талант болса, қалған 99-ы еңбекпен келеді. Болашақта мүсін жасау өнерін дамытсам деймін. Алайда, мұның бәрі қаражатқа келіп тіреледі. Негізінде, мүсін жасау үшін көп құралдар қажет. Яғни, сұйық желім, сұйық май, сабын, сым, крахмал, бояудың әр түрі қажет. Одан бөлек, цемент, гипс, құм қосып жасауға болады. Мұның бәрі біраз уақыт алады. Десе де, өзіме ұнайтын іс болғандықтан еш жалыққан емеспін. Бір мүсінді жасаудың өзіне көп уақыт кетеді. Оған шыдамдылық керек. Сондай-ақ, оған талантта болуы шарт. Себебі, бұл өнермен кез келген адам айналыса алмайды. Талантты еңбекпен ұштай алсаң, керемет дүние сонда ғана шығады. Айта кетерлігі, мүсіндерімді дайын қалыпқа құйып жасап көрмеппін. Барлығының өлшемін дайындап, өз қолыммен жасаймын. Соның ішінде, ұзын бұрымы бар қазақ қызы, аққу, жылқы тағы сол сияқты мүсіндерім сәтті шыққан туындыларым деп ойлаймын,-дейді.
Бұл жасалған мүсіндер расында шебердің дара қолтаңбасы іспеттес. Мүсін өнерін өрестетуге үлес қосып жүрген жерлесіміз Гүлназ апайымыз бүгінде көп жастарға үлгі болары анық. Себебі, он саусағынан өнер тамған шеберліктің астарында біз білмейтін қаншама еңбек жатыр.
Өнегелі отбасын құрып, ұл мен қызын тәрбиелеп отырған, өнегелі өнер иесі. Өнерлі адам-өрге жүзеді,-демекші, өнердің құдіреттері арқылы әрқашанда биік шыңдарды бағындыруға болатынын ұмытпайық.