Әлеуметтік жаңғырудың мәні қарқынды экономикалық дамудың негізінде жасалған игіліктердің қоғамның ілгері басуына қызмет етуі мен әділеттілік қағидаттарына сүйенген әлеуметтік қатынастарды қалыптастыра білуде. Өйткені әділеттілік пен адалдық, заң мен тәртіп үстемдік құрған қоғам қай кезде де табысты болмақ. Ал осынау қоғам игілігіне айналар құндылықтар мен материалдық, мәдени-рухани байлықты жасайтын еңбек адамы. Барлық жетістіктердің бастауы, бар тұрғыда табысты болудың жалғыз жолы – адал еңбек, ерінбей, жалықпай, қай салада болса да шеберлігін шыңдап, өз кәсібінің ұстасы болу. Сондықтан алдыңғы қатарлы қоғамда еңбек адамына деген құрмет ерекше болмақ.Әдетте, еңбек адамы дегенде ойымызға бірден малшы, диқан оралары рас. Дегенмен, еңбек адамының санатына кез келген салада жұмыс істейтін мамандық иелері жататыны белгілі. Ол – дәрігер, мұғалім, инженер, етікші, құрылысшы, фермер, өнер адамы бола ма, бәрібір, ең бастысы өз мамандығын жақсы меңгерген, жұмысын бар ынта-ықыласымен атқаратын, маңдай тері арқылы табыс тауып, өзіне және қоғамға пайда әкелетін адал азамат болуға тиіс.
Осы тұрғыда күні кеше, кеңестік кезеңде алыс ауыл-аймақтарда жұмыс көрігін қыздырған бейнеткеш ата-бабаларымыздың, әке-ағаларымыздың өнегелі өмір жолын, тағылымды тірлігін бүгінгі өскелең ұрпаққа үлгі тұтудың да мән-маңызы ерекше. Ауданымыздың дамуына өзіндік үлесін қосып жүрген еңбегі ерен азаматтар кейінгі өскелең жастарға сара жол салып, ағалық қамқорлық танытып келеді.
Осындай жанның бірі Абитаев Бауыржан Қалыбайұлы.
Б. Абитаев 1974 жылы 4 қазанда Сарысу ауданы Жаңатас қаласында дүниеге келген.
1980 жылы П.Морозов (қазіргі Д. Қонаев) атындағы орта мектептің табалдырығын аттап, 1991 жылы ойдағыдай бітіріп шығады. Бауыржан аға ең әуелі 1992-1994 жыл аралығында Талдықорған облысында Үштөбеде әскер қатарында болып, Отан алдындағы абыройлы борышын өтеп келеді. Әскерден келген соң 1994 жылы «Қазфосфат» тау-кен өңдеу кешеніндегі, Орталық байыту фабрикасына электрик болып жұмысқа тұрады. Содан осы күнге дейін фабрикада «Ұсақтау біркелкілеу» бөлімшесінде электрослесарь болып табан аудармай 30 жыл қызмет етіп келеді. Отбасылы, екі баланың ардақты әкесі, қамқоршысы.
Бауыржан аға бізбен сұхбаттасқанда:
—Балам Мағжанда осы фабрикада қызымет істеп жүр.Осы фабрикада жұмыс істеп жүргенде көптеген шәкірттер тәрбиеледім, алды энергетик қызыметіне дейін жоғарылады.Бұл фабрикада анам да жұмыс жасап, зейнеткерлікке шыққан.Ұсақтау біркелкілеу кешенінің басшысы Рақымберлі Мұқашев басқарған ұжымда 9 электрик қызмет етеміз, барлығы өз мамандықтарын жақсы біледі.
Қазіргі таңда дәнекерлеуші, электрик мамандары тапшы. Байқағаным, жас мамандардың талабымды ұштасам, шеберлігімді шыңдасам дегенге ұмтылысы төмен. Фабрика, құрылыс саласындағы мамандық иелері де шығармашылық адамдар секілді үнемі ізденісте болып, өсуге талпынуы керек. Кейінгі толқынның жауапкершілігі жоғары болса екен деймін. Мемлекет басшысының биыл «Жұмысшы мамандықтары» жылы деп жариялауын қолдаймын. Жылдың төрт мезгілінде де құрылыстың басында жүретін жандардың еңбегі қашанда еленуге тиіс. «Еңбектің наны тәтті» дейміз, ешкімнің ала жібін аттамай, жан баласына қиянат жасамай тапқан табысыңның берекесі мол. Өзіңе сеніп тапсырылған қызметті адал, жауапкершілікпен атқарған дұрыс. Сонда ғана елдің алғысына бөленесің, мәртебең өседі. Адал жүріп, абыройға кенелгенге не жетсін. Ауданымыз күннен-күнге дамып, құлпырып келеді, кеншілер шаһары да гүлдену үстінде.Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын,-деді.
Еңбек адамы дегеніміз, ең алдымен, таза жұмыс істейтін, өзінің табысын маңдай терімен табатын, жанын салып жұмыс істейтін жандар десек, бүгінгі кейіпкеріміз де осы атқа әбден лайық. Еңбек адамы диқан бола ма, малшы бола ма, тазалықшы бола ма, бәрібір. Бастысы маңдай терін төгіп жұмыс істеген әрбір адам қадірлі! Жұмыстың жаманы жоқ, адал жасайтын адам болса.
Иә, жұмыстың жаманы жоқ, кез келген еңбек – қадірлі. Ең бастысы, қай салада болсын адал еңбек қашан да лайықты бағаланып, табыс пен құрметке жеткізетін қоғам қалыптастыра білсек, ұлт сапасы артып, ел дамуы алға озары хақ.