Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» жарлығына және барлық деңгейдегі әкімдердің 2025 жылға арналған іс-шаралар жоспарына сәйкес, бүгін аудан әкімі Сәкен Мамытов Қамқалы ауылдық округіне қарасты Шығанақ ауылында тұрғындармен есепті кездесу өткізді.
Жиынға аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы С.Аппазов, қалалық алқабилер кеңесінің төрағасы С.Бегеев, аудандық құқық қорғау органдарының өкілдері, аудан әкімдігінің бөлім басшылары мен салалық мекеме жетекшілері, сондай-ақ ауыл тұрғындары қатысты.
Кездесу барысында Сәкен Үмбетұлы 2025 жылдың бірінші жартыжылдығында аудан көлемінде атқарылған негізгі жұмыстарға тоқталып, алдағы кезеңге жоспарланған бастамалармен бөлісті. Сонымен қатар, жыл басындағы есеп беру кездесулерінде көтерілген мәселелердің орындалу барысы баяндалды.
Аудан экономикасының негізгі тірегі – агроөнеркәсіп кешені екені белгілі. Сондықтан бұл салаға ерекше назар аударылуда. Бүгінде ауданда 1 586 шаруа қожалығы тіркелсе, оның 1 459-ы белсенді жұмыс істеуде. Оларға 533 442 гектар жайылымдық, 34 230 гектар шабындық және 25 031 гектар егістік жер бөлінген.
2025 жылы егістік алқаптарының 24 793 гектарына ауыл шаруашылығы дақылдары егіліп, бұл көрсеткіш 99%-ға игерілді. Тәлімді алқаптарға 1 724 тонна тұқым себілді. Шаруа қожалықтары 858 тонна минералды тыңайтқыш сатып алып, оның 50%-ы мемлекет тарапынан субсидияланды. Сонымен қатар, 495 тонна жеңілдетілген бағамен дизель отынына қол жеткізілді (литрі – 254 теңге, бұл нарық бағасынан 15% арзан).
Мемлекеттік қолдау бағдарламалары аясында аудан шаруашылықтары 9 дана жаңа трактор мен 18 дана қосалқы техника сатып алды. Жыл соңына дейін ауыл шаруашылығы техникаларының 6,5%-ын жаңарту жоспарлануда.
Қамқалы ауылдық округі аумағында Шу өзені бойындағы 15 000 гектар шабындық алқап (бидайық, қамыс, құрақ өскен) шөп шабуға әзірленіп, округтерге ақпарат берілді. Бұл аумақтан шөп шабуға ниетті 13 бригада жасақталса, оның 6-ы толық дайын.
Кездесу соңында аудан әкімі Сәкен Мамытов:
— Шалғайда орналасқан ауылдық округтерде әкімдік тарапынан ауқымды жұмыстар атқарылуда. Алдағы уақытта да ауылдарды дамытуға баса көңіл бөлетін боламыз, — деп атап өтті.