Күн сайын көркейіп, кеңейіп жатқан облыс орталығында көшелерді қалпына келтіру, тұрғын үйлерді жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Мәселен өткен жылы 53 көппәтерлі тұрғын үй қалпына келтірілген.
Тараз қаласының тұрғын үй қорында 1438 көппәтерлі тұрғын үй бар. Оның ішінде 151 барак типтес
үйлер және 1287 екі қабатты және одан жоғары үйлер. Қала аумағында өзекті мәселелерге жататын 1103 үйдің пайдалануға берілген мерзімі 30 жылдан асқан. Оның 553-і күрделі жөндеуден өтсе, қалған 550 үй жөндеуді қажет етеді.
Өткен жылы 5,1 млрд теңгеге 53 көппәтерлі тұрғын үйлер жөндеуден өтті.
Қайтарым қаражат есебінен 870,0 млн. теңгеге 10 көпқабатты тұрғын үйге күрделі жөндеу жұмыстары
жүргізілді. Ал ағымдағы жылы 73 үйді күрделі жөндеу үшін 7,8 млрд. теңгеге бюджеттік өтінім Құрылыс және тұрғын үй коммуналдық шаруашылық істері комитетіне ұсынылды.
Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, қаланың орталық көшелеріндегі тұрғын үйлердің бірыңғай сәулеттік келбетін жаңарту жобасы бойынша өткен жылы Төле би даңғылының бойындағы 12 үйдің сырт келбеті мен шатыры жөнделді.
Ал, биыл Абай даңғылы, Әйтеке би, Қазыбек би көшелеріндегі 16 үйдің сәулеттік келбеті жаңартылып, қала көркін аша түседі. Қазіргі таңда үйлердің жөндеу жұмыстары басталды.