«Тараз – қауіпсіз қала» жобасы бойынша жұмыс жалғасады

0 3

Жамбыл облысының прокуроры Нұрғалым Әбдіровтің төрағалығымен «Тараз – қауіпсіз қала» жобасын іске асыру бойынша уәкілетті органдармен қабылданған шаралардың тиімділігі» туралы мекемеаралық жиын өтті.

Кездесуде Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков аталмыш жоба аясында атқарылған жұмыстар жөнінде баяндады.

Жалпы қалада жоба аясында құқыққорғау және мүдделі мемлекетік органдармен бірлесе тұрақты түрде профилактикалық жұмыстар жүргізілуде. Нәтижесінде ағымдағы жылдың бірінші жартыжылдығында кәмелетке толмағандар тарапынан жасалған құқық бұзушылықтардың саны 2024 жылдың өткен кезеңімен салыстырғанда 32 пайызға төмендеді.

Сонымен қатар есепті мерзімде жасалған ұрлық қылмыстардың саны — 26,3, ұялы телефон ұрлау бойынша қылмыстар – 33,3, қоғамдық жерлерде жасалған қылмыстар — 27,1, алынбаған және өтелмеген соттылығы бар тұлғалардың тарапынан қайталама орын алған қылмыстар саны — 25,2 пайызға азайған.

Қоғамдық көлікте жасалған қалта ұрлығының алдын алу мақсатында 2024 жылы сатып алынған жаңа 155 автобус және осы жылы жеткізілген 35 қоғамдық көлік бейнебақылау камералармен қамтамасыз етілген. Шаһар аумағында тасымалдаумен айналысатын 457 автобустың 280-і камералармен жабдықталған.

Бұдан бөлек, қала көшелерінде 62 мың шаршы метр жол таңбалау және 400 метр жасанды кедергі орнату жұмыстары жүргізіледі. Қала әкімдігі тарапынан тиісті инфрақұрылымды жақсарту бойынша да кешенді шаралар қабылдануда. Осыған орай жыл басынан жергілікті бюджеттің есебінен істен шыққан 158 өрт гидранты ауыстырылып, 5 дабылдама (сирена) сатып алынды. Ал, техногендік апаттарын алдын алу мақсатында шаһар көшелерінде 5 сыртқы көрнекі материалдар ілінді.

Сондай-ақ басқосуда Тараз қаласының прокуроры Нұржан Боранбаев, қалалық мәслихаттың төрағасы Кенжебек Олжабай, қалалық полиция басқармасы басшысының міндетін атқарушы Данияр Әзімов күн тәртібіндегі мәселе бойынша ойларын ортаға салып, ұсыныс-пікірлерін білдірді.

Жиынды қорытындылаған Нұрғалым Мәжитұлы қалада қылмыс мен құқық бұзушылықтарды төмендетуде оң динамика қалыптасқанын атап өтіп, тұрмыстық зорлық-зомбылық, интернет-алаяқтық, жасөспірімдер құқықбұзушылығы, есірткі қылмыстарына қарсы іс-қимыл жөнінде қосымша нұсқаулар берді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.