Ербол Қарашөкеев Тараз қаласының санитарлық тазалығын тексерді

0 3
Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев тұрғындардан түскен шағымдарға сәйкес жоспардан тыс «Бәйтерек» (13) шағынауданын аралап, жай-күйі мен тазалық жұмыстарын сынға алды.
Өңір басшысы аралау барысында қураған ағаштарды кесу, шөп шабу, арықтарды тазалау, қоқысты уақытылы шығару жұмыстарын тиісті деңгейде жүргізуді талап етті. Сонымен бірге «Таза Қазақстан» акциясы аясында шағынаудандардың да тазалығы үнемі басты назарда болуы тиіс екенін алға тартып, экологиялық бастамаға тұрғындардың белсенді түрде атсалысуы қажет екенін ескертті.
Ербол Қарашөкеев облыс орталығындағы көпқабатты тұрғын үйлердің шатыры мен қасбетін жаңғырту жұмыстарын тексерді.
Тараз қаласына бірыңғай сәулеттік келбет беру бағытында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Өткен жылы 11 үй жаңа кейіпке енсе, биыл тағы 15 тұрғын үйдің шатыры мен қасбеті жөнделеді.
Қазіргі таңда Абай даңғылы, Қазыбек би және Әйтеке би көшелерінің бойында орналасқан баспаналарда құрылыс қарқыны жоғары. Барлығы 320 адам еңбек етуде.
Облыс әкіміне «Қарасу» каналын абаттандыру жобасы таныстырылды. Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбековтің айтуынша, су нысаны қайта жаңғырса тұрғындар үшін таптырмас демалыс орнына айналады. Жоба аясында 1,275 шақырым канал жағалауы абаттандырылады. 8 500 шаршы метр аумаққа жабын төселіп, 13 630 шаршы метр жер көгалдандырылды. Сонымен бірге балалар және воркаут алаңшалары бой көтереді.
Жұмыс сапары аясында Рысбек батыр көшесін қайта жаңғырту (1,9 шақырым), Е. Ниетқалиев (1,6 шақырым) және Ұлбике ақын (2,7 шақырым) көшелерін орташа жөндеу жұмыстарын жеке бақылауына алды.
– Жол жөндеу мен жылу құбырларын ауыстыру жұмыстары жолаушылар мен көлік жүргізушілеріне кедергі келтірмей, белгіленген кестеден кешікпеуі тиіс. Мердігерлердің жұмысына бақылауды күшейту маңызды, – деді Ербол Қарашөкеев қала әкіміне қарата.
Еске сала кетейік, биыл Тараз қаласындағы 100 көшенің жолы орташа жөндеуден өтуде.
Leave A Reply

Your email address will not be published.