Цифрландыру үдерісі республика көлемінде қарқын алып жатқан тұста, экология саласында да ірі технологялық жаңалықтар жүзеге асырылуда. Соның бірі – орман өрттерін ерте анықтауға арналған автоматтандырылған бақылау жүйесінің іске қосылуы. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Дмитрий Мун мәлімдеді. Оның айтуынша, жаңа жүйе табиғи өрттерге жылдам әрекет ету мүмкіндігін едәуір арттырып, экологиялық қауіпсіздіктің жаңа деңгейін қамтамасыз етеді.
Вице-министрдің сөзінше, жүйе өртті анықтауға қажет уақытты үш есеге қысқартады. Сонымен қатар өрттің таралу ауқымын 20 есеге дейін азайтып, сөндіру шығындарын 15 есеге төмендетуге мүмкіндік береді. Бүгінде еліміздің 1,3 миллион гектар орман аумағына 148 заманауи бейнебақылау камерасы орнатылған. Олар тәулік бойы жұмыс істеп, түтін мен жылу белгілерін автоматты түрде анықтап, орталыққа дереу ақпарат жібереді.
– Адами фактор әрдайым бар. Қандай тәжірибелі маман болса да, кейде қауіп-қатерді алыстан көрмей қалуы мүмкін. Ал техникалық құрылғылар кең аумақты бір мезетте бақылауға қабілетті. Заманауи камералардың үлкейткіш мүмкіндіктері түтінді ерте кезеңде анықтауға айтарлықтай көмектеседі, – деді Дмитрий Мун.
Экология саласындағы цифрландыру өрт қауіпсіздігімен ғана шектелмей, қоршаған ортаны бақылаудың жаңа форматтарын да қамтып отыр. Енді экологиялық есептер қағаз жүзінде жасалмайды. Олардың орнына зиянды шығарындылар туралы ақпаратты автоматты түрде тіркейтін және жинақтайтын бірыңғай цифрлық платформа іске қосылған. Кәсіпорындар мұржаларына орнатылған арнайы датчиктер әр 20 минут сайын шығарындыларға қатысты деректерді интернет арқылы жолдап отырады. Бүгінде табиғатты пайдаланушы 91 кәсіпорынның 76-сы жүйеге қосылған.
Жамбыл облысы да бұл процестен шет қалған жоқ. Өңірде соңғы жылдары экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және табиғи ресурстарды ұқыпты басқару бағытында цифрлық технологияларға ерекше мән берілуде. Орман өрттері қаупі салыстырмалы түрде төмен болғанымен, жаз айларының құрғақ әрі ыстық болуы табиғи өрттердің туындау тәуекелін арттырады. Осыған байланысты облыста орман және дала аймақтарын цифрлық бақылау мүмкіндігін кеңейту бағытында нақты шаралар қабылдануда.
Жамбыл облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының мәліметінше, өңір аумағында қосымша бейнебақылау жүйелерін орнату, өрт қаупі бар учаскелерге арнайы датчиктер енгізу және орталықтандырылған мониторинг пунктін құру мәселесі қарастырылып жатыр. Әсіресе Мойынқұм, Талас және Сарысу аудандары — өрт қаупі жоғары аймақтардың қатарында. Бұл өңірлерге жасанды интеллект негізінде жұмыс істейтін бейнекамералар орнату жоспарда бар.
Сонымен қатар Жамбыл облысында өнеркәсіптік кәсіпорындар экологиялық мониторинг платформасына белсенді түрде қосылуда. Тараз қаласы мен Шу, Қордай, Жамбыл аудандарында орналасқан ірі зауыттар мұржа датчиктерін орнатуды бастап кетті. Бұл қадам өңірдегі ауа сапасын бақылауды жаңа деңгейге шығарады. Платформаға жиналған ақпарат облыстық экология департаментіне тікелей түсіп, мамандарға жылдам талдау жасауға мүмкіндік береді.
Бұдан бөлек, Жамбыл облысында табиғатты қорғау бағытындағы цифрлық бастамаларды қолдау мақсатында интернет инфрақұрылымы кеңейтіліп жатыр. Ауылдық елді мекендерге жоғары жылдамдықты интернет тарту жобалары экологиялық ақпаратты онлайн режимде алу мүмкіндігін жақсартады. Болашақта өңір тұрғындары ауа сапасы, шығарындылар көлемі, орман өрті қаупі және табиғи жағдайлар туралы деректерді ашық цифрлық карталардан көре алады. Бұл — экологиялық мәдениетті қалыптастыруға да, тұрғындардың табиғатты қорғау жұмыстарына қатысуын арттыруға да ықпал етеді.
Жамбыл облысының әкімдігі цифрлық мониторинг жүйелерінің нәтижелері табиғи апаттардың алдын алуға, заңсыз ағаш кесу фактілерін азайтуға, сондай-ақ экологиялық талаптардың бұзылуын жедел анықтауға мүмкіндік беретінін атап өтті. Облыста жиналатын деректер болашақта «жасыл даму» саясаты аясында маңызды шешімдер қабылдауға негіз болмақ.
Жалпы алғанда, орман өрттерін автоматтандырылған жүйемен бақылау және экологиялық цифрландыру Қазақстанның барлық аймақтарында, оның ішінде Жамбыл облысында да табиғатты қорғау саласын жаңа сапалық деңгейге көтереді. Цифрлық шешімдер табиғи апаттардың алдын алу тиімділігін бірнеше есе арттырып қана қоймай, экологиялық ашықтықты күшейтіп, өңірлердің тұрақты дамуына тікелей үлес қосады.