Аймақта электр энергиясы желілерін күшейту жұмыстары жүргізілуде

0 3

Жамбыл облысында «Қазақстанның Біртұтас электр энергетикалық жүйесінің Оңтүстік аймағының электр желісін күшейту» жобасы іске асырылуда. Стратегиялық маңызға ие жоба оңтүстік облыстарды электрмен жабдықтауды күшейтуге, энергетикалық қауіпсіздікті, Орталық Азияның энергожүйелерінен тәуелсіздікті қамтамасыз етуге, Солтүстік – Оңтүстік 500-220 кВ транзит учаскесінің өткізу қабілетін қосымша 500 МВт-қа арттыруға септеседі.
Мемлекет басшысы биылғы «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Жолдауында: «Қазір біз қуат көздерін жан-жақты жаңғыртып жатырмыз. Шетел инвесторларының қатысуымен ауқымды жобалар жүзеге асуда. Бірақ Қазақстанның түпкі мақсаты – қуат көздерін әртараптандыру емес. Бұл – ең алдымен еліміздің энергия жүйесінің нақты мүмкіндігі мен мемлекетіміздің ұзақмерзімді мүдделеріне негізделген тұрақты даму жолы» – деп,Үкіметке нақты тапсырмалар жүктеді.
Бүгінде Президент тапсырмаларына сәйкес еліміздің электр энергетика саласын дамытуға айрықша көңіл бөлініп отыр. Бұл ретте электр энергетикасы саласындағы жетекші компания саналатын «Электр желілерін басқару жөніндегі Қазақстан компаниясы «KEGOC» акционерлік қоғамына артылатын жауапкершілік жүгісалмақты. Тиісінше Қазақстан Біртұтас электр энергетикасы жүйесінің операторы ретінде компания да сенім үдесінен шыға біліп, энергия жүйесінің сенімділігін, қолжетімділігі мен озық дамуын қамтамасыз ету мақсатында ауқымды жұмыстар атқаруда.Компанияның маңызды жобаларының бірі – «Қазақстанның Біртұтас электр энергетикалық жүйесінің Оңтүстік аймағының электр желісін күшейту» жобасы.
Жобаның жалпы құны 154 миллиард теңгені құрайды. Қаржыландыру «KEGOC» акционерлік қоғамының меншікті қаражаты (72,4 миллиард теңге немесе 46,9 пайыз), халықаралық қаржы ұйымдары – Азия Даму Банкі (58,2 миллиард теңге немесе 37,8 пайыз) немесе Қазақстан Даму Банкі (23,5 миллиард теңге немесе 15,3 пайыз) есебінен жүзеге асырылуда.
«КЕGОС» акционерлік қоғамы «Алматы жүйеаралық электр тораптары» филиалы директорының күрделі құрылыс жөніндегі орынбасары Ерік Серікбайұлы жоба аясында ұзындығы 475 шақырым «Шу – Жамбыл – Шымкент» жаңа электр жеткізу желісі салынып, Шу, Жамбыл және Шымкент қосалқы стансалары кеңейтілетінін айтады.
– Жобаны іске асыру Алматы, Жамбыл, Түркістан, Қызылорда, Жетісу облыстары және Алматы қаласы үшін сенімді энергетикалық инфрақұрылым қалыптастырады. Бұл тұтынушыларды үздіксіз электрмен жабдықтауды қамтамасыз етіп қана қоймай, күн және жел станцияларын қоса алғанда, жаңа генерация объектілерін интеграциялауға жағдай туғызады. Қолданыстағы 500 кВ «Шу», «Жамбыл» және «Шымкент» қосалқы станцияларын тиісінше кеңейте отырып, ұзындығы 475 шақырым «Шу – Жамбыл – Шымкент» 500 кВ жаңа электр беру желісін салу бойынша жұмыстар қарқынды жүргізілуде. Дәл қазір біз 500 кВ «Шу» қосалқы стансасында кеңейтіліп жатқан аумақта тұрмыз. Бүгінге дейін жоспарлау жұмыстары аяқталды, жаңа желіні қосуға арналған қабылдау порталы орнатылды, 500 кВ кернеулі 4 фазалы реактор құрастырылды. Қазіргі таңда заманауи коммутациялық жабдықтар монтаждалуда. Жоба 2027 жылдың ортасында, яғни белгіленген мерзімінен жарты жыл ерте аяқталады, – дейді Ерік Серікбайұлы.

Leave A Reply

Your email address will not be published.