Бүгін Тараз қаласында «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында жалпықалалық сенбілік ұйымдастырылды.
Қала әкімі Бақытжан Орынбеков сенбілік аумақтарын аралап, тұрғындармен кездесті. Шаһар басшысы өз сөзінде қала тазалығы баршаға ортақ екенін атап өтіп, жұртшылықты сенбілікке белсене атсалысуға шақырды.
Шараға мемлекеттік мекемелердің қызметкерлері, кәсіпкерлік нысандардың жұмысшылары, жастар ұйымдары мен еріктілер қатысып, «Алатау» шағынауданы аумағында кең көлемді тазалық жұмыстары жүргізілді.
Сенбілікке 10-ға жуық техника тартылып, нәтижесінде 80 текше (куб) күл-қоқыс шығарылды. Сонымен қатар шаһар аумағындағы бекітілген учаскелерде талдарды балақтау, шөп ору жұмыстары жүйелі түрде атқарылды.