Жамбылдағы бірнеше білім ордасына «Smart-Mektep: жасанды интеллектпен оқимыз» пилоттық жобасы енгізілді
1 қыркүйектен бастап аймақтағы дарынды балаларға арналған IT лицей-интернаты мен Тараз қаласындағы №1 және №24 гимназияларда «Smart-Mektep: жасанды интеллектпен оқимыз» жобасы енгізілді. Жоба аясында оқушылардың ЖИ технологияларымен танысуына, оларды сабақта тиімді қолдануына жағдай жасалуда. Сондай-ақ, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес «Бағдарламалау негіздері» онлайн білім беру платформасы облыстың 8 мектебінде іске асырылуда.
-Бүгінгі таңда облыстың білім беру ұйымдары түрлі цифрлық платформаларды, жасанды интеллект құралдарын пайдаланады. Жас мамандар арасында жаңа технологияларға қызығушылық жоғары. Дегенмен, мәселелер де жоқ емес. Атап айтқанда, инфрақұрылымдық шектеулер, шалғай ауыл мектептерінде интернеттің, материалдық-техникалық базаның әлсіздігі қиындықтар туындатуда. Сонымен қатар оқушылардың өз бетімен ойлану қабілетінің төмендеуі байқалуда. Жасанды интеллекттен дайын жауапты көшіру әдетке айналған. Оқушылардың көпшілігінің ақпаратты сыни тұрғыда бағалау, цифрлық этика, киберқауіпсіздік мәселелерінде жеткілікті білімдері жоқ, – дейді басқарма басшысы.
Мәселен педагогтерді жасанды интеллект құралдарын қолдануға үйрету мақсатында «AI-Teacher» жобасы іске қосылыпты. Бұл бастама ұстаздардың жаңа технологиялармен жұмыс істеу дағдыларын дамытуға бағытталған. Сонымен қатар, «Smart-Mektep: жасанды интеллектпен оқимыз» жобасы облыстық дарынды балаларға арналған IT лицей-интернаты мен Тараз қаласындағы №1 және №24 гимназияларда 1 қыркүйектен бастап пилоттық жоба ретінде енгізіліпті. Жоба аясында оқушылардың ЖИ технологияларымен танысуына, оларды сабақта тиімді қолдануына жағдай жасалуда.
Цифрлық сауаттылықты арттыру мақсатында да кешенді іс-шаралар жүргізілуде. Атап айтқанда, жаңа оқу жылының басынан бастап барлық білім беру ұйымдарында «Цифрлық сауаттылық апталығы» өтуде. Одан бөлек жасанды интеллектті қолдану бағытындағы жобаларды жүзеге асыру, сыныптан тыс жұмыстар мен танымдық іс-шаралар өткізу, сондай-ақ «Өңірлік үздік стартаптар» байқауын ұйымдастыру секілді жұмыстар қолға алынған.
– Осы оқу жылында Тараз қаласындағы Бауыржан Момышұлы атындағы №45 гимназияда әлемдік трендке айналған үшінші буындағы «ақылды тақта» кешенін орнату жұмыстары басталды. Бұл тақта мұғалімнің бір мезгілде бірнеше оқушының жұмысын бақылап, бағалауына, оқу процесінің тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Ақылды құрылғы сабақ барысында мұғалім мен оқушы арасындағы өзара байланысты жаңа деңгейге көтермек.
Бүгінгі күні облыстағы барлық 51 гимназия, мектеп-гимназия мен лицейлерде «Жасанды интеллект негіздері», «Мобилографиялық студия», «Робот модельдеу» бағытындағы үйірмелер мен 21 түрлі студия құрылып, өз жұмыстарына кірісіп кетті. Сонымен қатар, «Smart зертханалар» ашылып, оқушылардың практикалық дағдыларын шыңдауға мүмкіндік берілуде. Бұл бастамалар облыс оқушыларының жаңа дәуірге сай, цифрлық ойлау қабілеті жоғары, заманауи технологияларды еркін меңгерген бәсекеге қабілетті ұрпақ болып қалыптасуына негіз болмақ, – дейді Нұрбек Оршыбеков.
Білім беру саласына енгізіліп жатқан барлық бастамалар тек ағымдағы оқу жылымен шектелмей, болашақта барлық мектептерге кеңінен таратылады деп күтілуде. Сонымен қатар, оқушылардың шығармашылық қабілетін, инновациялық ойлауын, сыни тұрғыдан сараптау машығын дамытуға бағытталған жобалар, зияткерлік байқаулар мен стартап идеяларға қолдау көрсету жұмыстары жалғасады.
Цифрлық білім беру – бұл тек технологияларды енгізу емес, бұл – жаңа көзқарас, жаңа әдіс, жаңа педагогика. Оқытудың цифрлық құралдары арқылы әрбір оқушының жеке қабілетін, қызығушылығын, даму қарқынын ескере отырып, дербестендірілген білім беру модельдері қалыптасуда. Мұндай модельдер әсіресе ауылдық мектептер үшін аса маңызды. Себебі цифрлық ресурстардың көмегімен олар да үздік ұстаздардың, сапалы контенттің, заманауи зертханалардың көмегіне жүгіне алады.
Басқарма басшысының айтуынша, жасанды интеллект пен цифрлық трансформация – болашақтың басты бағыты. Сондықтан мұғалімдер де енді дәстүрлі оқыту әдістерінен бас тартып, заманауи цифрлық құралдарды қолдану арқылы сабақты жаңа деңгейде жүргізуді үйренуі тиіс.