Жасыл желектердің бірыңғай дерекқоры жасақталуда

0 5

Тараз қаласында «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында жасыл желектерді түгендеу және цифрландыру жұмыстары жүргізілуде. Осы мақсатпен арнайы сайт іске қосылып, облыс орталығындағы жасыл желектердің бірыңғай дерекқоры қалыптастырылуда. Бұл туралы Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеевтің төрағалығымен өткен кеңесте энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Ғалым Исақов айтты.

 Басқарма басшысының мәліметі бойынша, бүгінге дейін акция аясында 56 тарихи-мәдени ескерткіш, 100,5 мың шаршы метр тұрғын үй аулалары, 3,1 мың шақырым көше жолы, 858,8 шақырым арық жүйесі мен каналдар, сондай-ақ 81,6 мың шаршы метр саябақ пен сквер аумағы тазаланған. Нәтижесінде 12,1 мың тонна күл-қоқыс шығарылыпты.
Бұдан бөлек, «Қазақстан Ғарыш Сапары» ҰҚ АҚ жүргізген ғарыштық мониторинг нәтижесінде облыс аумағынан 198 бей-берекет қоқыс үйіндісі анықталған. Бүгінде олардың 78 пайызын жою жұмыстары жүргізіліп жатыр екен.
– Тараз қаласында қоқыс мәселесі әлі де өзекті күйінде қалып отыр. Зерделеу нәтижелері бойынша қаланың әр аумағында бей-берекет қоқыс үйінділері кездеседі. Жағдай көңіл көншітпейді, шағынаудандардағы тазалық та төмен деңгейде. Биыл қала екі әкімшілік аумаққа бөлінген болатын. Бұл шешім тиімді басқаруды қамтамасыз етіп, халықтың тұрмыс-тіршілігіне қажетті инфрақұрылымды сапалы дамытуға бағытталған еді. Алайда жаңадан құрылған әкімдіктер тарапынан жұмыстар тиісті деңгейде ұйымдастырылмай отыр, – деді Ербол Шырақпайұлы.
Кеңес қорытындысында Тараз қаласының тәжірибесін негізге ала отырып, жасыл желектерді цифрландыру жүйесін Жаңатас, Қаратау және Шу қалаларына енгізу бойынша нақты тапсырмалар жүктелді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.