Өңірдің кітапханалары бүгінгі таңда цифрландыру мен ақпараттық қызмет көрсету саласында үлкен жетістіктерге жетіп отыр. Облыс бойынша 275 мемлекеттік кітапхана өңір тұрғындарына түрлі мәдени және ақпараттық қызмет көрсетуде. Олардың ішінде облыстық кітапхана – 3, қалалық кітапханалар – 17, аудандық кітапханалар – 255. Бұл мекемелердің барлығы да заман талабына сай компьютерлендіріліп, автоматтандырылған жүйелер арқылы жұмыс істейді.
Бүгінде облыстағы барлық кітапханалар компьютермен толық қамтылған, жалпы саны 1215 компьютер, соның 939-ы аудандық кітапханаларда орналастырылған. Осы компьютерлер мен заманауи бағдарламалар кітапханалардың жұмысын жеңілдетіп, оқырмандарға қызмет көрсету сапасын арттырып отыр. Мысалы, Web-РАБИС, РАБИС, RWБИС, АИС-СБРК және КАБИС сияқты бағдарламалар арқылы кітапхана қорлары сандық жүйеге енгізілген, оларды онлайн режимде іздеу мүмкіндігі бар.
Жамбыл облысындағы мемлекеттік кітапханалардың тағы бір маңызды қадамы – цифрландырылған ақпараттық орталықтардың ашылуы. Облыс бойынша 186 цифрландырылған ақпараттық орталық қызмет көрсетеді, оның 5-і Тараз қаласында орналасса, қалған 181 орталық 139 ауылдық округті қамтиды. Бұл орталықтарда азаматтар egov.kz порталындағы 25 түрлі мемлекеттік қызмет түрін онлайн ала алады.
2024 жылы осы орталықтарда барлығы 223 111 анықтама берілген, оның ішінде зейнетақы қоры, сотталмағандығы туралы, жылжымайтын мүлікке қатысты, психикалық денсаулық пен наркологиялық анықтамалар көп сұранысқа ие болған. Мәселен, зейнетақы қоры бойынша 3021, сотталмағандығы туралы 5992, жылжымайтын мүлікке қатысты 1527 анықтама берілген. 2025 жылдың алғашқы екі айында 10152 анықтама беріліп, тұрғындар тарапынан кеңінен қолданылған.
Цифрландырылған ақпараттық орталықтардың ең үлкен жетістігі – тұрғындарға қолжетімділікті арттыру. Орталықтарда мемлекеттік қызметтерді алу үшін тұрғындарға арналған ыңғайлы жағдайлар жасалған, әрі олардың барлығы тегін қызмет көрсетеді. Әрбір азаматтың қолында смартфон мен интернет болса, ол кез келген уақытта осы орталықтар арқылы қажетті анықтамаларды ала алады.
Ш.Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының директоры Эльмира Абдинова цифрландыру процесінің маңызды рөл атқарып отырғанын атап өтті.
– Бүгінгі таңда біздің кітапханаларымыз тек кітап қорымен шектелмейді. Цифрландыру – бұл кітапханалардың өз қызметін көрсетудің жаңа тәсілі. Біз оқырмандарға тек баспа материалдарымен ғана емес, жаңа технологиялар мен ақпараттық ресурстарды да ұсынып жатырмыз. Бұл – біздің оқырмандарымызға, әсіресе ауылдық жерлерде тұратын тұрғындарға өте маңызды мүмкіндік. Кітапхана – білім мен ақпараттың көзі ғана емес, сондай-ақ мәдениет пен инновацияның алаңы болуы керек,-дейді Эльмира Абдинова».
Кітапхананың тағы бір маңызды бағыты – жергілікті тарихты сақтау және тарату. Ш.Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында бірнеше маңызды жоба жүзеге асырылып келеді. «Қасиетін жоймаған құнды басылымдар», «Шоқан асулары», «Жамбыл облысы: адамдар, оқиғалар, фактілер» жобалары өңірдің тарихын цифрлау мақсатында қолға алынған.
Мысалы, «Қасиетін жоймаған құнды басылымдар» жобасы аясында 1021 дана құнды және сирек кітап цифрландырылды. Бұл кітаптар сақталуы қиын, бірақ өте маңызды тарихи және мәдени құндылыққа ие басылымдар. Сонымен қатар, «Шоқан асулары» жобасы аясында 47 кітап цифрландырып, ғылыми зерттеу үшін қолжетімді етілді.
Жергілікті ақын-жазушылармен авторлық келісім-шарт жасасып, олардың шығармалары да цифрланды. Қазіргі уақытта кітапхананың сайтында 183 кітаптың электронды нұсқалары бар. Бұл өңірдің әдеби мұрасын сақтап, болашақ ұрпақтарға жеткізу үшін маңызды қадам болып табылады.
Өңір кітапханалары қазіргі заманда кітап оқу мен мәдениетке деген қызығушылықты арттыру үшін әлеуметтік желілерді тиімді пайдаланып отыр. Кітапханалар өз іс-шараларын Facebook, Instagram, YouTube, TikTok және Telegram әлеуметтік желілерінде жариялап, оқырмандармен байланысын нығайтуда. 2024 жылы облыс кітапханалары телеарна эфирінде – 324, мерзімді басылым беттерінде – 480, кітапхана сайттарында – 3051, ақпарат агенттіктерінде – 500 материал жариялады.
2024 жылы Facebook парақшасында 20,563, Instagram парақшасында 15,296 жазба жарияланып, жалпы 1,635,582 қаралым жинаған. Бұған қоса, TikTok, Telegram және YouTube-те де жарияланымдар жасалып, оқырмандарға өз кітап қорларын таныстыру жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде.
Кітапханалар әлеуметтік желілер арқылы оқырмандарға тек кітаптар мен әдебиеттер туралы ақпарат беріп қана қоймай, оларды оқуға ынталандыру мақсатында түрлі іс-шаралар ұйымдастырады. Бұл бағыттағы жұмыстарды жүзеге асыру үшін кітапханалар арасында тренингтер мен шеберлік сыныптары ұйымдастырылуда.
– Кітапхана қызметкерлерінің кәсіби құзыреттілігін арттыру мақсатында үнемі білім жетілдіру курстары мен тренингтер өткізіліп келеді. Біз тек кітап қорымен жұмыс істемей, сонымен қатар қоғаммен, оқырмандармен тығыз байланыс орнатуға тырысамыз. Кітапханалар әлеуметтік желілерде тек кітаптарды насихаттап қана қоймай, жалпы мәдениетті, әдебиеттің маңыздылығын айтып, оқырмандарды қызықтырып, олардың қызығушылығын оятуды көздейді,-дейді Эльмира Абдинова.
Өңір кітапханаларындағы цифрландыру жұмыстары тек бүгінгі қажеттіліктерді қанағаттандырумен шектелмейді. Бұл шаралар келешекте өңірдегі барлық тұрғындарға, әсіресе шалғай ауылдарда тұратын адамдарға білім алудың, мәдениетке қолжетімділіктің жаңа мүмкіндіктерін ашатын болады. Сондай-ақ, бұл жұмыстар өңірдің тарихын сақтап, болашақ ұрпақтарға жеткізу үшін аса маңызды.
Жамбыл облысының мемлекеттік кітапханалары цифрландыру мен инновациялар бағытындағы жұмыстарды одан әрі жалғастыра отырып, кітапханалардың қоғам өміріндегі рөлін күшейтуді мақсат етіп отыр.