Облыстық ҚХА Аналар кеңесі “Достық керуені” жобасы шеңберінде Қордай аудандық Аналар кеңесімен кездесу өткізді. Кеңес отырысын өңірлік Аналар кеңесінің төрайымы Эльмира Мырза-Ғали ашып, жүргізді. Ол “Балам, заңнан аттама” жобасы аясында қоғамда жиі кездесетін бес кеселдің алдын алу бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы айтты.
Басқосуда облыстық ҚХА Аналар кеңесінің төраға орынбасары Сара Даузова “Салауатты сана” және “Барыңды бағала” жобаларын кеңінен таныстырып, олардың жастар арасында салауатты өмір салтын қалыптастырудағы маңыздылығына тоқталды.
Жиынға қатысқан Махмұт Қашқари атындағы ұйғыр этномәдени бірлестігінің төрайымы Мухабат Турдыева, «Қазақстандық татар және башқұрт конгресі» республикалық қоғамдық бірлестігінің Жамбыл облысы бойынша филиалының төрағасы Фарида Нақыш, сондай-ақ “Полонез” поляк этномәдени бірлестігінің төрайымы Лариса Калькова өз ой-пікірлерімен бөлісіп, қоғамдағы өзекті әлеуметтік және тәрбиелік мәселелерге назар аударды.
Кездесу барысында ҚР Президентінің биылғы Жолдауында айтылған жастардың бойындағы зиянды әдеттерден арылу, жасөспірімдермен өзара түсіністік орнату және тәуелділіктің алдын алу бағытындағы міндеттер талқыланды. Аналар кеңесінің мүшелері жастарға ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жиі өткізу қажеттігін атап өтті.
Сондай-ақ аудандық Аналар кеңесінің өкілдері де өз ойларын ортаға салып, еңбекке ерте араласып жатқан жасөспірімдердің денсаулығына қатысты алаңдаушылық білдірді. Бұл мәселе қазіргі қоғамда өзекті болып отырғанын айтқан аналар оны бірлесіп шешудің жолдарын қарастыру қажеттігін жеткізді.
Жиын соңында өңірлік ҚХА Аналар кеңесінің мүшелері отбасы құндылықтарын сақтау, ұрпақ тәрбиесіне мән беру бағытында ұсыныстарын айтып, аудандық кеңестің белсенді мүшелерін аймақ бірлігі мен тұтастығын нығайтуға қосқан үлестері үшін марапаттады.
“Достық керуені” жобасы аясындағы бұл кездесу қоғамдағы аналардың рөлін арттыруға, бірлік пен татулықты сақтауға бағытталған маңызды шара болды.
Sign in
Sign in
Recover your password.
A password will be e-mailed to you.