Ақсақалдар кеңесі- ел бірлігінің кепілі

0 2

Халықты ізгілікке үндеп, елдің тұтастығын сақтауда ақсақалдардың орны айрықша. ҚХА жанынан құрылған облыстық Ақсақалдар кеңесі осы жауапты міндетті абыроймен атқарып келеді. «Достық керуені» жобасы аясында өңірлік ҚХА Ақсақалдар кеңесі Қордай ауданындағы Ақсақалдар ұйымының өкілдерімен кездесіп, келелі кеңес өткізді. 
Алқалы жиынды ҚХА Ақсақалдар кеңесі төрағасының орынбасары Абдурахман Зайнутдинов, кеңес мүшесі, ардагер Йсмаил Хадижимуратов, және «Жамбыл облысы “Вынхуа” дүнгендер қоғамдық бірлестігі» төрағасының орынбасары Идрис Юнусов өзекті мәселелерді талқылап, ортақ шешім жолдарын ұсынды.
Ақсақалдар жастарды патриоттық рухта тәрбиелеу, еңбекке баулу, адалдық пен бірлікті дәріптеу, этносаралық келісімді нығайту секілді маңызды тақырыптарды қозғап, өз тәжірибелерімен бөлісті.
— «Ақсақалдар кеңесінің ең маңызды міндеті — адал азаматтарды тәрбиелеу. Мемлекет басшысы айтқандай, “Адал азамат” – бұл адал еңбегімен табысқа жетіп, әділет пен адамгершілікті бәрінен жоғары қоятын тұлға. Осы құндылықтарды әрбір азаматтың бойына сіңіру — біздің басты парызымыз», — деген Абдурахман Зайнутдинов ҚХА-ның «Адал азамат» жобасы туралы айтып өтті.
Кездесу барысында «Қоғамдық келісім» мекемесінің Этномедиация орталығының үйлестірушісі Валентина Досыбиева да сөз алып, қазақстандық патриотизм, жастармен тәрбие жұмысы және этномедиацияның қоғамдағы рөлі туралы ой бөлісті.
Ол өз сөзінде этномедиацияның – этносаралық қатынастардағы өзара түсіністік пен татулықты сақтаудың тиімді құралы екенін атап өтті:
-«Этномедиация – бұл тек дауларды шешу тәсілі емес, ол келісім мен сенімге негізделген қоғам құру мәдениеті. Қазақстандық патриотизм – осы бірліктің өзегі. Біз жастарға толеранттылық, өзара сыйластық және бейбітшілік құндылықтарын үйретуіміз керек», – деді Валентина Досыбиева.
Сондай-ақ, ол жастармен жүйелі түрде тәрбие жұмыстарын жүргізудің, олардың қоғамдық белсенділігін арттырудың маңыздылығына тоқталды.
Кеңес қатысушылары этномедиация институтының қоғамдағы келісімді сақтау ісіндегі рөлі зор екенін айтып, Ақсақалдар кеңесімен бірлескен жобаларды жүзеге асыруға дайын екендіктерін білдірді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.