Қаратау қаласында «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы өтті

0 2

Жамбыл облысының Қаратау қаласында күзгі «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы қарқынды түрде жүзеге асты. Табиғатты қорғауға бағытталған бұл шара шағын шаһарда бір мезетте бірнеше аумақта өткізілді.

Акцияға қаладағы білім беру мекемелерінің ұстаздары мен оқушылары, аудан әкімдігі қызметкерлері және жергілікті кәсіпорындардың өкілдері қатысып, жалпы саны 500-ге жуық тұрғын белсенділік танытты.

Қатысушылардың бір тобы Тамды өзенінің жағасын қоқыстан тазартып, пластикалық қалдықтарды жинады. Екінші топ «Орталық саябақта» жұмыс істеп, қураған бұталарды шығарып, ағаштарды әктеді. Ал үшінші топ «Жасыл белдеу» аймағын тазалап, қоршаған ортаның көркін арттыруға үлес қосты.

Тазалық жұмыстарының нәтижесінде 18 тоннаға жуық күл-қоқыс арнайы полигонға шығарылды. Бұл қала тұрғындарының экологиялық мәдениетін арттыруға және табиғатты аялауға бағытталған маңызды қадам болды.

Акцияға қатысқан Қаратау қаласының тұрғыны Айгүл Тұтқышбаева өз ойын былай білдірді:

«Тазалық – әр адамның өзінен басталады. Сол себепті әрқайсымыз өз қаламызды, жерімізді, елімізді таза ұстайық. Баршаңызды қоршаған ортаны ластамауға шақырамын», – деді ол.

Осындай игі бастамалар арқылы қала тұрғындары табиғатқа жанашырлық танытып, туған жердің көркеюіне үлес қосуда. «Таза Қазақстан» акциясы экологиялық мәдениетті қалыптастырудың жарқын мысалына айналды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.