Бүгін Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Айжан Есмағамбетованың төрағалығымен эпидемиологиялық ахуал, туберкулезбен күрес шаралары және медициналық көмектің сапасын арттыру бойынша үйлестіру кеңесінің отырысы өтті.
Жиында 2026 жылдың бірінші тоқсанының қорытындысы бойынша туберкулезге қарсы жүргізіліп жатқан іс-шаралардың орындалу барысы қаралды. Бұл бағытта облыстық фтизиопульмонология орталығының бас дәрігері Дабыл Шымыров баяндама жасап, 2024–2025 жылдары жүргізілген мониторинг пен бағалау нәтижелерін таныстырды. Ол өңірдегі эпидемиологиялық көрсеткіштерге тоқталып, туберкулезді ерте анықтау, дер кезінде ем жүргізу және аурудың таралуын төмендету бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы мәлімет берді.
Кеңес барысында облыс әкімінің орынбасары Айжан Есмағамбетова туберкулез бойынша «қызыл аймақта» тұрған медициналық ұйымдардың басшыларына нақты сауалдар қойып, орын алған кемшіліктердің себептері мен оларды жою бағытында атқарылып жатқан жұмыстардың барысын сұрады. Сонымен қатар, медициналық ұйымдардағы мониторинг жұмыстарын жүйелеу, есептіліктің сапасын арттыру және тұрғындар арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жандандыру қажеттігі айтылды.
Жиын соңында Айжан Есмағамбетова туберкулезбен күрес жұмыстарын күшейтудің маңыздылығына ерекше тоқталды. Ол жалпы тәжірибелік дәрігерлерді туберкулезді ерте анықтау және науқастарды тиімді басқару бойынша жүйелі оқытудың аса маңызды екенін атап өтті. Сонымен бірге медицина қызметкерлеріне арналған нақты әрі тиімді алгоритм әзірлеп, соның негізінде кәсіби даярлықты күшейту қажеттігін қадап айтты.
Сондай-ақ, туберкулезге қатысты ахуалға тұрақты түрде ай сайын мониторинг жүргізіп, нәтижесін саралап отыру қажеттігін тапсырды. Жоғары қауіп тобына жататын азаматтар арасында туберкулез инфекциясына қарсы профилактикалық еммен қамтуды кеңейту, ересектер мен балалар арасында туберкулезді ерте анықтауға бағытталған скринингтік тексерулер жоспарының толық әрі сапалы орындалуын қамтамасыз ету, сондай-ақ флюорографиялық тексерулер мен балалар арасында манту сынамасының уақытылы әрі сапалы жүргізілуін күшейту бойынша нақты міндеттер жүктелді.