Т. Рысқұлов ауданында автобекет өртенді (ВИДЕО)

0 3

Өткен тәулік ішінде облыс аумағында 7 өрт оқиғасы тіркелген. Бұл туралы облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің мемлекеттік тіл және ақпарат бөлімі хабарлады.

Алғашқы өрт Жуалы ауданының Ақтасты ауылында тіркелген. Үйдің төбе қаптауы отқа оранғаны туралы хабар алған өрт сөндірушілер тілсіз жауды 6 адам мен 1 техника күшімен толық сөндірген.

Сондай-ақ, Меркі ауданы Меркі ауылында үйдің ауласында «Ауди-100» автокөлігі, Қордай ауданы, Қордай ауылында «Азия» кафесінің ғимаратында орналасқан «Лазер» ломбардының шатыры, Тараз қаласында жеке үйдің ауласында моншаның , Т. Рысқұлов ауданында Құмарық ауылында шөп қораның және осы аудандағы Жақсылық ауылында «Мерседес-230» автокөлігінің өртенуі орын алған. Аталған оқиғалар өрт сөндірушілердің күшімен ауыздықталып, сөндірілген.

Ең ірі оқиға Т. Рысқұлов ауданы Құлан ауылында орын алды. Аудан орталығында орналасқан бұрынғы автобекеттің аумағындағы 5 пластик дүңгершекте орналасқан дүкен, ломбард, шаштараз, шәйхана, наубайхана отқа оранған. Өрт жалмаған нысандардың көлемі 120 шаршы метрді құраған. Өрт сағат 21:36-да оқшауланып, сағат 22:03-те ТЖД «ӨСжАҚЖҚ» және «Астана қауіпсіздік қызмет комплексі» ЖШС өрт сөндіру бөлімшесі, КС-4 «Азиатский газопровод» ЖШС күзеті – барлығы 19 адам мен 4 техника күшімен толық сөндірілген.

Оқиғаның артынша-ақ әлеуметтік желілерде куәгерлер бейнежазбаларымен бөлісе бастады. Соның бірі Instagram желісіндегі @taraz_life парақшасында пайда болды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.