Тараздық студенттер мен оқушылар олжалы оралды

0 13

Жуырда Алматыдағы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасына үн қосу мақсатында «Филология және әлем тілдері» факультетінің «Жерұйық» ономастикалық өлкетану клубы мен Алматы қаласы тілдерді дамыту басқармасының ұйымдастыруымен «Есімдер әлемі» атты  республикалық форум өтті. Республикалық форумға Қызылорда, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан, Алматы облысы мен Алматы қаласының жоғары оқу орындарының студенттері мен мектеп оқушылары қатысты.

«Есімдер елінде» тақырыбында ономастикалық атаулар туралы, оның аталу жағдайы мен тілдік ерекшеліктеріне байланысты жазылған үздік шығармалар марапатталды. Форумға Жамбыл облысынан Тараз инновациялық-гуманитарлық университетінің «Филология» мамандығының 2-курс студенттері Байғазиев Асылбек, Қанатқызы Динара және «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығының 2-курс студенті Шапантаева Айдана, Б.Момышұлы атындағы қазақ классикалық гимназиясының 4-сынып оқушысы Саурықов Бауыржан, осы мектептің 7-сынып оқушысы Асамбай Жалғас және Тараз қаласы №1 мектеп-гимназиясының 6-сынып оқушысы Саурық Аружан қатысып, форум нәтижесінде университет студенті Байғазиев Асылбек пен Б.Момышұлы атындағы қазақ классикалық гимназиясының 4-сынып оқушысы Саурықов Бауыржан жүлделі 1-орынмен, ал №1 мектеп-гимназиясының 6-сынып оқушысы Саурық Аружан жүлделі 2-орынды иеленді.

Елбасымыздың «Туған жерге, оның мәдениеті мен  салт-дәс­түрлеріне айрықша іңкәрлікпен атсалысу – шынайы патриотизмнің маңызды көріністерінің бірі. Бұл кез келген халықты әншейін біріге салған қауым емес, шын мәніндегі ұлт ететін мәдени-генетикалық кодының негізі. Біздің бабаларымыз ғасырлар бойы ұшқан құстың қанаты талып, жүгірген аңның тұяғы тозатын ұлан-ғайыр аумақты ғана қорғаған жоқ. Олар ұлттың болашағын, келер ұрпағын, бізді қорғады. Сан тараптан сұқтанған жат жұртқа Атамекеннің қарыс қадамын да бермей, ұрпағына мирас етті», — деген сөздерінің өзі де туған жерімізді ерекше қадір тұтуға, әрбір тасына дейін терең зерделеуге, тарихи тағылым алуға шақыратынын бағдар етіп ұстанған қатысушылар кейбірімізге мүлде таныс емес ономастикалық атаулардың қыр-сыры туралы, рухани маңызы жайында баяндап, келер ұрпаққа үлкен аманат екендігіне тоқталды. Форум қорытындысында білімнің қара шаңырағына саналатын әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университеттің «Филология және әлем тілдері» факультетінің деканы, филология ғылымдарының докторы, профессор Әбдиманов Өмірхан, филология ғылымдарының докторы, профессор Мәдиева Гүлмира Баянжанқызы сөз сөйлеп, өзін қоршаған ортадағы жалқы есімдерге зерттеу жасау қайсыбір уақытта болмасын аса маңызды екендігін айтып, үздік деп танылған шығармаларды дәстүрлі өткізілетін «Ономастика шыңы» атты жас ғалымдардың республикалық ғылыми-теориялық конференциясына қатысуға шақырды. Форум қатысушылары мен ғылыми жетекшілеріне арнайы сертикат табыс етілді.

«Есімдер әлемі» атты республикалық форум жас ұрпақтың рухани қанаттануына және Елбасымыздың қолға алып отырған мәдени-генетикалық кодымыздың сақталуына, тарихи танымымыз бен ұлттық құндылықтарымыздың терең танылуына сүбелі үлес қосқаны сөзсіз.

ТИГУ баспасөз қызметі

Leave A Reply

Your email address will not be published.