Тараз қаласында канал суының тасу қаупі туындады. Бұл туралы Жамбыл облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің мемлекеттік тіл және ақпарат бөлімі хабарлады.
Хабарламаға сәйкес, облыс орталығындағы Сеңкібай көшесінің 2-ші бұрылысынан өтетін «Қапал» каналының суы арнасынан тасуға шақ тұрғаны туралы хабар түскен. Аталған жайтқа температураның төмендеуі және каналдың ластануы себеп болған. Осылайша, бетін мұз жапқан каналдың суы кемеріне жетіп, маңайындағы үйлерге өту жағдайына жеткен.
Аталған оқиғаға байланысты жергілікті басқару органдары, «ӨСжАҚЖҚ» және «ЖҚЖ» мекемелері, Төтенше жағдайлар департаменті дереу әрекетке кіріскен. Нәтижесінде, 36 адам және 7 бірлік техника күшімен канал суы жабылып, жиекке жағалай 60 қап құм қойылған. Бүгінде каналдың арнасын мұз бен қоқыстан тазарту жұмыстары жүргізілуде.
Фото: inhabitat.com