Ташкент облысының бірқатар мектебінде сабаққа ұлттық бас киім — тақия киіп келу міндеттелді, деп хабарлайды Вaq.kz ақпарат агенттігі centralasian.org басылымына сілтеме жасап.
Өзбекстанның халықтық білім беру министрлігінің аты-жөнін жасырған қызметкері президент Шавкат Мирзияевтің мектептерде қымбат және арзан киімдердің айырмасын шектеу үшін форманы ұлттық мәдениетке сай дамыту қажеттігін ұсынғаннан кейін Ташкент облысының бірқатар мектебі осындай шешімге келгенін айтады.
Алайда бірқатар оқушының ата-анасы балаларының мектепке ұлттық бас киім киіп баруын қаламайды.
Мәселен, Бостанлык ауданының тұрғыны Миржалол Отахонов балалары оқитын мектептің директоры тақия сатып алу үшін ата-аналардан ақша жинатып алғанын айтады.
«Мектепте оқушылардың бәрі бірдей тақия кию керек деген талап қойыпты. Мен директорға барып «Маған министрліктің бұйрығын көрсетіңіз» деп сұрадым. Ол маған ешқандай бұйрық көрсетпеді. Менің ойымша ондай жарлық болмаған. Оның үстіне оқушы қыздарға шаштарыңды екі бұрым етіп өріп келіңдер деп айтады екен», – дейді әңгімелесуші.
Еске сала кетсек, былтыр үкімет отырысы кезінде Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев арнайы мектеп формасын енгізуді қолдайтынын мәлімдеген.
Дереккөз: Baq.kz