Балалы әйелдерге көрсетілетін мемлекеттік қызмет процедуралары жеңілдеді.
Бұдан былай дүниеге келген баланы тіркеу, мектепке дейінгі балалар ұйымына рәсімдеу, жәрдемақы тағайындау, әлеуметтік төлемдерді беру секілді төрт қызмет түрі біріктіріліп, әйелдердің өтінішінсіз жүзеге асырылады. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі пилоттық жобаны қолға алды. Бұл туралы «Әлеумет» бағдарламасын таныстыру кезінде белгілі болды. Бағдарлама екі қолға бір күрек таппай жүрген жастардың жұмысын жеңілдетіп отыр. Енді олар оқу орнын бітіргеннен кейін сабылып жұмыс іздемейді. Бұрындары еңбек өтілі болмағандықтан, мамандығы бойынша жұмысқа тұра алмайтын еді. Бұдан былай тұрғылықты жері бойынша халықты жұмыспен қамту орталығына барып, жастар практикасынан өткісі келетін ұйымды өзі таңдайды. Онда 6 ай ішінде біліктілігін арттырып, тәжірибе жинауына мүмкіндік мол.
Светлана Жақыпова, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің орынбасары:
— Жастарды еңбекпен қамтудың тиімді жолы ретінде оларды өз еркімен қайта қоныстандыруды қолға алмақпыз. Егер тұрғылықты жерінен жұмыс табу қиын болса, басқа өңірден бос орын ұсынылады. Мемлекет мұндай жағдайда көшетін адамға қосымша материалдық көмек беруге әзір.
Дереккөз: 24.kz