Жамбыл облыстық ТЖ департаменті су тасқыны кезеңіне дайындалып жатыр, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА.
Биылғы қыс жамбылдықтар үшін оңай болған жоқ. Қалың қар, -30-37 градус қатты аяз салдарынан жер тоң болып қатып, мұз қалыңдады. «Күннің жылынуы, қардың еруіне әкеліп соғады. Жер тоң болып жатқандықтан өзендегі су деңгейі көтеріліп, қозғалған сеңнің бөгеліске ұшырауы мүмкін. Бұл судың жағаға жайылып маңайдағы елді мекендерді басу қаупін тудырады»,- дейді жергілікті ТЖ өкілі Денис Охрименко. Шу өзеніндегі жағдайды бағамдау үшін мамандар өзен бойымен Шу қаласынан бастап, Мойынқұм ауданының Ұланбел ауылына дейін барып қайтты. Егер мұз үздіксіз еритін болса ең қауіпті учаскелер Шу өзеніндегі көпірлер болмақ. Қауіптің алдын алу үшін ТЖ мамандары облыс әкімі аппаратына ақпарат жіберді.