Ақтөбе облыстық департаментінің мәліметі бойынша, 19 қаңтардан бері қыздары мектепке бармайтын 13 ата-анаға айыппұл салынған, деп abai.kz жазды
Қобда ауданы Әлия ауылындағы тағы бір ата-анаға бес айлық есептік көрсеткіш көлемінде (12 мың теңге) айыппұл салынған. Бұл жөнінде аудандық білім беру бөлімінің меңгерушісі Нұрлыбай Айжарықов мәлімдеді.
«Қобда ауданындағы Әлия мектебінің 6 және 8-сыныбында оқитын екі оқушы үшінші тоқсан басталғалы сабаққа келмеді. Екеуі бір үйдің балалары. Бұл оқушылардың ата-анасымен бірнеше мәрте кездескеніміз, ескерту жасағанымыз туралы және басқа да құжаттарды Ақтөбе облысының білім саласындағы бақылау департаментіне жолдадық. Департамент біз жолдаған құжаттар негізінде ата-анаға айыппұл салды», — дейді Нұрлыбай Айжарықов.
Ақтөбе облыстық дін істері басқармасының дерегінше, қазір облыс аумағында «мектеп формасын бұзғандықтан» сабаққа қатыса алмай отырған 103 бала бар. Қаңтар айынан бері бұл балалардың ата-аналарымен түрлі түсіндіру жұмыстары жүргізіліп келеді. Ал Ақтөбе облысының білім саласындағы бақылау департаменті қаңтар айының 19-ынан бері жалпы саны 13 ата-анаға айыппұл салған.