Жамбыл облысында өзен-көлдердің жағдайына мониторинг жүргізіліп жатыр.
Себебі су арналары қатты аязды күндері қатып, кей жерлерде мұздың қалыңдығы 65 сантиметрге дейін жеткен. Енді күн жылынса, сең жүріп, су деңгейі күрт көтерілуі мүмкін. Жердің әлі жібімеуі де жағдайды қиындатуы ықтимал. Төтенше жағдайлар қызметі қауіпті аймақтарды анықтап, жауапты органдарға алдын алу шараларын жүргізу қажеттілігін ескертті. Мәселен, Айдарлы, Бірлік, Мойынқұм ауылдарына жақын жатқан Шу өзенінің кейбір учаскелерінде мұз қалыңдығы 40 пен 65 сантиметр аралығында. Қарқынды сең жүруі кезінде осы өзен арқылы өтетін көпір тұсында мұз кептелісі туындау қаупі бар.
Омар Тәкеев, облыстық ТЖД бөлім басшысы:
– Шу өзенінің жағасындағы жақын орналасқан елді мекендерге күнделікті мониторинг жұмыстары жүргізілуде. Қауіпті учаскелерде жағаны бекіту және күшейту жұмыстарын жүргізу қажеттілігі жөнінде ұсыныс хаттар жолданды. Таулы аймақтардағы елді мекендерде жергілікті атқарушы органдармен бірге арық-дренаж каналдардың барлығына тазалау жұмыстары жүргізілуде.
Дереккөз: 24.kz