Тараз қаласы аумағында 67 405 адам жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер теліміне кезекте тұр. Өткен жылы осындай азаматтарға Сүлейменов көшесінің соңындағы жаңа тұрғын алқаптан 360 гектар жер телімі берілген болатын. Биыл да бұл мәселе оңтайлы шешіліп, 3750 гектардан аса жер кезекте тұрған азаматтарға үлестірілмекші. Бұл туралы бүгін Тараз қаласы әкімінің қоғамдық кеңес мүшелерінің алдында берген есебінде белгілі болды деп хабарлайды JAMBYL TV
Кезекте тұрған азаматтарға алдағы уақытта Асқаров көшесі соңындағы алқаптың 312 гектарын, «Хамукат» алқабының 125, «Қарасай» алқабының 126,6, сондай-ақ «Құмшағал-Шалғай Қарасу» алқаптарының 369 гектар жерін беру көзделіп отыр. Жиында белгілі болған тағы бір мәселе – қала аумағына қарасты елді-мекендерге газ-электр жүйелері кіргізіліп, инфрақұрылым жасақталады. Атап айтар болсақ, Шөлдала тұрғын алқабының аумағындағы «Құмшағал», «Көлтоған», «Қызыл-Абад» алқаптары газбен қамтамасыз етіледі. Одан бөлек , 72 көше жөндеуден өтеді — дейді қала әкімі. Жоспар көп, тиімді жүзеге асырыла ма, оны уақыт көрсетеді. Ал, шешімін табуы тиіс мәселенің бірі – мынадай:
Рүстем Дәулет, Тараз қаласының әкімі
Республикамызда облыс орталықтарының ішінде мынау биологиялық тазалау ғимараты жоқ жалғыз қала Тараз қаласы екен. Осы мәселені облыс әкімінің алдында көтердік. Қазір облыс әкімі министрлікке, үкіметке хат жазып, зерделеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Оған, техникалық-экономикалық негіздеме жасау керек. Жобалық сметалық құжаттасын жасау керек. Осы мәселемен шұғылданып жатырмыз.