Дәурен Абаев «Тұмар» жүлдесін табыстау рәсімі қашан болатынын жариялады

0 0

«Тұмар» Ұлттық телевизиялық бәйгесінің жеңімпаздарын марапаттау рәсімі 16 наурызда өтеді, деп хабарлайды Today.kz.

Бұл туралы Қазақстан Республикасы ақпарат және коммуникация министрі Дәурен Абаев Facebook желісіндегі парақшасында жазды.

«Республикалық, аймақтық телеарналарда еңбек етіп жүрген шығармашылық топтарды ынталандыру мақсатында қолға алынған бұл шара осымен екінші рет ұйымдастырылғалы отыр. Биыл «Тұмар» бәйгесі қазақ телевизиясының 60 жылдық мерейтойы аясында өтетіні де өте қуанышты. Өйткені бұл күнді ел журналистикасы үшін айтулы дата десек те қателеспейміз.
60 жыл аз уақыт емес. Осы уақыт аралығында қазақ телевизиясы жан-жақты өсті», – деді министр.

Дәурен Абаев қазақ телевизиясының ардагерлерін қайтадан эфирге шығарудың маңыздылығына тоқталды.

«Осы орайда отандық телевизия саласын дамытуға бар күш-жігерін жұмсаған ардагерлерімізді ұлықтау, еңбектерін ұмытпау біздің басты міндетіміз. Алматыдан ең алғаш барша жұртқа хабар таратқан дикторлар мен редакторлардың, техникалық топтың атқарған игі істері елдің есінде. Қазақ телевизиясының әр саласында түрлі қызмет жасаған әлі де еңбек етіп келе жатқан аға-апаларымыздың өнегелі ісін, жас ұрпаққа үлгі етуге тиіспіз. Теле сала ардагерлерінің арасында өмірден өтіп кеткен майталман мамандар да болды. Ол тұлғаларымыздың бейнесі мен дауысы, қолтаңбасы архивте сақтаулы. Әлі күнге дейін жас журналистердің бойына білген-түйгенін, мол тәжіребиесін сіңіріп жүрген корифейлеріміз бар. Мәтін зергерлері мен сөз шеберлерін, режиссер, операторларды қазақ телевизиясының 60 жылдығымен шын жүректен құттықтаймын! Еліміздің эфирінде жүрген барлық буын үлкен құрметке лайық. Сіздерге зор денсаулық пен шығармашылық табыс тілеймін!» – деп жазды Дәурен Абаев.

Айта кетейік, «Тұмар» Ұлттық телевизиялық бәйгесі алғаш рет былтыр, 2017 жылы отандық үздік журналистерге табысталған болатын.

Leave A Reply

Your email address will not be published.