Оңтүстік Қазақстан облысындағы Науытсай шатқалында адамдар қар барысын жақыннан көрді. Бұл туралы tvk-uko.kz сайты хабарлайды.
Шымкент қаласынан 55 км қашықтықта орналасқан шатқалда орналасқан демалыс орнына жақын келген қар барысы бақылау-өткізу бекетінің жолын кесіп өтіп, жартасты тауларға қарай бет алған. Адамдарға сирек кездесетін жануар бақылау камерасына түсіп қалған.
«Қар барысын бірінші болып күзетші Нүркен Жеңісов көрген. Ол оны телефонына түсіріп үлгеріпті», — дейді «Алтын дән» демалыс аймағының қауіпсіздік қызметі бастығының орынбасары Нұрмахан Асқаров.
Айта кетейік, қар барысы өте жыртқыш болғанмен, ешқашан өз бетімен адамға тиіспейді. Дегенмен ол кез-келген ірі аңдарды жеңе алады. Ол әлі күнге дейін сыры ашылмаған жұмбақ жыртқыш. Көптеген халық оны киелі деп санайды,сондықтан үлкен құрметпен қарайды.
Сондай-ақ, бұл жыртқыш «жойылу қаупі туған» аңдардың санатынан шығарылған болатын.