Малайзия премьер-министрі Наджиб Разак ел парламентін таратты, — деп хабарлайды «Zhambylnews» AA 24kz сайтына сілтеме жасап.
Үкімет басшысының айтуынша, ол бұл мәселені король Мұхаммед бесіншімен талқылап, келісімін алған. Енді заң бойынша 60 күннің ішінде парламенттік сайлау өтуі тиіс. Нақты мерзімін бір аптаның ішінде сайлау комиссиясы бекітеді.
Айта кетейік, бұған дейін оппозициялық партиялар өткен сайлауда ағылшын компаниясы премьер-министрдің коалициялық одағына қолдау көрсетті деп айыптады. Оның үстіне қазір елде баға көтеріліп, сайлаушылар үкіметке наразылығын білдіре бастаған. Дегенмен сарапшылар алдағы додада Наджиб Разак жетекшілік ететін партия жеңіске жетеді дейді. Себебі оппозициялық партиялардың арасында ауызбіршілік жоқ. Ал Наджим Разактың премьер-министр лауазымындағы мерзімі 2 айдан кейін аяқталады.
Наджиб Разак, Малайзия премьер-министрі:
«Мен алдағы парламенттік сайлауға ел азаматтарының барлығы бірдей қатысады деп сенемін. Егер «Ұлттық майдан» жеңіске жетсе, біз еліміздің дамып гүлденуі үшін барлық күшімізді салуға уәде етеміз».