Ақмола облысында ширек ғасырға жуық жұмыс істеп келе жатқан жеделсатылар көп

0 8

Көкшетауда да көпқабатты үйлердегі лифттердің көбі әбден ескірген, — деп хабарлайды «Zhambylnews» AA 24kz сайтына сілтеме жасап.

20 жылдан бері қолданылып келе жатқан жеделсатылар тұрғындарға әлі күнге қызмет етеді. Мұндағы мамандар бұл құрылғылардың жыл сайын техникалық тексерістен өткізілетінін айтады. Cоңғы үш жылда қала бойынша 60-қа жуық жаңа лифт орнатылған.

Көпқабатты үйдің сегізінші қабатында тұратын зейнеткер Гүлнәр Сланованың айтуынша, ескі лифт әзірге жүріп тұрғанымен, анда-санда тұрғындарды бір шошытып алады екен. Өйткені бірнеше рет тоқтап қалып, ішінде адамдар қамалып қалған кездер болыпты. Сондықтан көне жеделсатыны қорқынышпен қолданамыз дейді.

Гүлнәр Сланова, қала тұрғыны:

«Салдырлайды, салдырлағанынан қорқасың. Әр жерде әр нәрсе болып жатыр. Оны естіп, одан қорқасың. Егер ол бұзылмай тұрса, сенімді боп жүре берер едік. Қайбір жылдары бұзылған соң, қорқасың расын айтқанда. Мектепке баратын оқушыларды біз өзіміз түсіріп кіргіземіз. Жолда тоқтап қалып, балалар зардап шекпесін дейміз».

Жалпы Көкшетаудағы 89 үйде 220 лифт болса, оларға 3 компания қызмет көрсетеді. Техникалық талаптар бойынша бір лифттің орташа қызмет көрсету мерзімі – 25 жыл. Мерзімі аяқталған жеделсатыны жаңарту керек. «Шаһарда ширек ғасырға жуық жұмыс істеп келе жатқан жеделсатылар көп. Дегенмен оларды да күтіп ұстап, қосалқы бөлшектерін уақытында ауыстырып отырса, әлі де қолдануға болады», – дейді мамандар.

Виктор Горбачев, компания директоры:

«Электромеханиктер ай сайын барлық лифтілерді аралап, олардың қауіпсіздік жүйесін бақылап отырады. Қосалқы бөлшектерінің ескіруіне жол бермейді. Тоза бастағанын байқаса, бірден жаңасына ауыстырады. Ал лифтілерде болып жатқан түрлі оқыс оқиғалар көбінесе осы лифтке жауапты мамандардың салғырттығынан туындайды».

Тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін лифт шаруашылығының қызметіне тексерістер жүргізіліп тұрады екен. Яғни жеделсатылардың техникалық жағдайы жіті бақылауда. Айта кетейік, биыл Көкшетауда тозығы жеткен тағы 2 лифт жаңартылады.

Жасұзақ Есіркепов, қалалық тұрғын үй инспекциясы бөлімінің жетекшісі:

«Халық және заңды тұлғалардан арыз түсіп тұрады. Арыз түскен кезде ол лифттерді тексеруге шығып тұрамыз. Бүгінгі таңда лифт саласындағы техникалық жағдайлары оңды деп есептеуге болады».

Мамандардың сөзіне сенсек, жаңадан орнатылып жатқан жеделсатылардың қауіпсіздік деңгейі жоғары. Ұсақ ақаудан бастап әртүрлі сыртқы әсерлерге, тіпті адамның оқыс қиымылына да автоматты түрде белгі береді екен. Ал лифт қауіпсіз болу үшін қарапайым қолдану ережелерін қатаң сақтаған абзал.

Leave A Reply

Your email address will not be published.