СІМ Қытайда қайтыс болған қазақстандық студентке қатысты түсініктеме берді

0 10

ҚР Сыртқы істер министрлігі баспасөз қызметінің жетекшісі Әнуар Жайнақов Гуанчжоу қаласындағы Қазақстан студентінің өліміне қатысты пікір білдірді, — деп хабарлайды «Zhambylnews» AA  Baq.kz сайтына сілтеме жасап.

Оның айтуынша, қайтыс болған студент Жамбыл облысының тумасы. Ол Алматы қаласында тұрып жатқан. Алайда СІМ қызметкерлері оның Гуанчжоу шаһарына қандай мақсатпен барғанын білмейді екен.

«Оның ол жаққа қандай мақсатпен барғаны белгісіз. Қытайдағы Қазақстанның консулы Гуанчжоуға келген соң, құқық қорғау органдарымен кездесіп, не болғанын анықтайды», — деді ол.

Осы орайда Әнуар Жайнақов студенттің денесін Қазақстанға жеткізу үшін тиісті жұмыстар жүргізілетінін атап өтті.

«Қазіргі таңда біздің дипломаттарымыз қайтыс болған азаматтың туған-туыстарымен үнемі байланыста. Сонымен қатар олар Гуанчжоудағы құқық қорғау органдарымен хабар алмасуда. Алдағы уақытта Қытайдағы Қазақстан консулы тиісті процедураларды жүргізу үшін және қайтыс болған азаматты Қазақстанға жеткізу жұмыстарын ұйымдастыру мақсатында Гуанчжоуға келеді», — деді СІМ баспасөз қызметінің жетекшісі.

Сөз соңында ол қазақстандық студенттің өліміне қатысты тың деректермен бөлісті.

«Анықталмаған ақпарат екенін атап өтейін. Қайтыс болған студенттің таныстары, оның футбол ойнап болған соң, жалға алған үйіне келгенін айтады. Бірақ кейін ол есінен танып, құлап қалыпты. Үйді жалға берген әйел бірден жедел жәрдем шақырған. Дәрігерлер оқиға орнына шұғыл жеткен. Бірақ олар оның өлімінің уақытын ғана белгілеп үлгерген», — деді Әнуар Жайнақов.

Естеріңізге сала кетсек, 4 сәуір күні Гуанчжоуда Қазақстан студенті қайтыс болғаны туралы хабарлаған едік.

Leave A Reply

Your email address will not be published.